Тамыз айында өтетін ҰБТ-ға құжат қабылдау қашан басталады

23 шілде, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Тамыз айында өтетін ҰБТ-ға құжат қабылдау қашан басталады
Фото: Оңалхан Өнерхан

25 шілдеде тамыз айында өтетін ҰБТ-ға қатысу үшін өтініш қабылдау басталады. Өтінімдерді қабылдау 5 тамызға дейін жалғасады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

ҰБТ-ға тіркелу Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайтында жүргізіледі. Тестілеудің өзі 10-14 тамыз аралығында өтеді.

Тамыздағы ҰБТ шекті балл жинай алмаған талапкерлердің тестілеуден қайта өтіп, ЖОО-ға ақылы негізде түсу мүмкіндігі болуы үшін өткізіледі. Өтініш беру кезінде тест тапсырушылар ҰБТ өткізілетін орынды, күнді және уақытты өздері таңдайды.

Негізгі ҰБТ-ға қатысқан талапкерлер бейіндік пәндер комбинациясын тамыз тестілеуінде өзгерте алады.

Тамыз айындағы ҰБТ-ға ағымдағы және өткен жылғы мектеп және колледж түлектері, қандастар (ҚР азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ азаматтар), шетелде білім алған орта білім беру ұйымдарының бітірушілері, шығармашылық мамандықтардан басқа мамандықтарға, басқа мамандықтардан педагогикалық бағыттарға ауысқысы келетін студенттер және жоғары оқу орындарына шартты түрде қабылданған студенттер қатыса алады.

Атап өтсек, ЖОО-да ақылы негізде өз мамандығы бойынша оқуды жалғастыруды жоспарлап отырған колледж түлектері оқуға әңгімелесу қорытындысы бойынша қабылданады. Бұл ретте оқуға қабылдауды ЖОО-лардың қабылдау комиссиялары жүзеге асырады.