00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Түркістанға тіл үйрену үшін 69 жастағы түркиялық студент келді

Түркістанға тіл үйрену үшін 69 жастағы түркиялық студент келді
фото: t.me/ gylym_jogary_bilim

Қазіргі таңда Түркістан қаласында орналасқан Ахмет Ясауи университеті оқу орнында түркі әлемінің 17 елінен және 30-ға жуық ұлт пен ұлыстан 10 мыңға жуық студент оқып жатыр. Солардың бірі – түркиялық Кадрие Ышыклы. 69 жастағы білімгер шекара асып, қазақ тілін үйреніп, мәдениетімен танысу үшін Түркістанға оқуға келген, деп хабарлады Elordainfo.kz Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.

Кадрие Ышыклы – Түркия азаматы, Стамбул қаласының тұрғыны, үш баланың анасы. Қазір Ахмет Ясауи университетінің Дайындық орталығының тыңдаушысы. Ол – университет тарихындағы ең жасы үлкен студент атанып, жастарға үлгі көрсетіп жүр.

Түркиялық студент Түркістанға келіп білім алуына түркі елдерінің тілі және мәдениеті, салт-дәстүрімен танысуға деген қызығушылығы себеп болғанын айтады. Кадрие ханымның Қазақстанға келгеніне бір жарым ай болса да, қазақ тілін жеткілікті деңгейде түсінетін жағдайға жеткен.

«Қазір қазақ тілін үйреніп жүрмін. Маған түркі елдерінің мәдениетімен танысқан ұнайды. Осында қазақ тілін үйреніп, мәдениетімен жақсы танысып, содан кейін өзге де бауырлас елдерге барғым келеді», - дейді ол.

Кадрие Ышыклы бұған дейін Түркияда «Туризм» мамандығы бойынша жоғары оқу орынын тәмамдап, әлемнің 20-ға жуық еліне саяхаттаған. Ендігі мақсаты – Орта Азия елдерімен танысу. Сондықтан Ахмет Ясауи университетінде де «Туризм» мамандығы бойынша білімін жалғастырмақ. 

Айта кетейік, Кадрие Ышыклы білім алып жүрген Дайындық орталығында университеттің ішкі грантына (квота) ие болған түркі әлемінен келген білім алушылар оқиды. Олар 2 семестр бойы қазақ, түрік, орыс және ағылшын тілдерін үйренеді. Биыл орталық ұстаздары 200-ден астам тыңдаушыға сабақ беріп жүр. Дайындық орталығын сәтті аяқтаған білімгерлер әрі қарай өзі таңдаған мамандығы бойынша университетте білімін жалғастырады.