00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Самал Садуақасова: Мұғалім жан-жақты болуы керек

Самал Садуақасова: Мұғалім жан-жақты болуы керек
коллаж Elorda.info

«Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау». Осындай қызығы мен қиындығы мол мамандықты таңдаған жастардың бірі, Астана қаласы әкімі грантын ұтып алған жас маман Самал Садуақасовамен Elorda.info тілшісі алғашқы ұстаздық еңбек жолы туралы әңгімелесті.  

-Самал Қайратқызы, ұстаздық мамандықты таңдауыңызға не себеп болды? 

Мен Қарағанды облысында дүниеге келдім. Жасым 21-де. Қыз баланың ең бірінші үлгі тұтары да, ақылшысы да өз анасы ғой, ол кісі ұстаз болғандықтан, мен де мұғалімдікті таңдадым. 11-ші сыныпты тәмамдағаннан кейін биология мамандығы бойынша ақылы оқуға түстім. Бұл пәнді мектеп қабырғасында жүріп-ақ сүйіп оқитынмын. Маған ол кезде биология сабағында жүргізілетін әртүрлі ғылыми зерттеулер қызықты еді. Университет қабырғасында бұл пәнді одан әрі терең зерттеуге мүмкіндік алдым. Онда өте жақсы оқып, жарты жыл бойы жоғары балл жинап, Астана қаласы әкімі грантын ұтып алдым. Әкім грантын ұтып алғандағы сезімім қандай болғанын айтып жеткізу қиын. Бұл мені одан сайын қанаттандырып, өз мамандығыма деген сүйіспеншілігімді арттырды. Сөйтіп, «Astana International University» жоғары оқу орнынан биология пәні мұғалімі мамандығын алып шықтым.

 

-Қазір елордадағы қай мектепте ұстаздық етесіз?

Қазіргі кезде  Қадыр Мырза Әлі атындығы №88 мектеп-лицейде жұмыс істеймін. Маған балалармен жұмыс жасаған өте қатты ұнайды. Биология пәні - өте қызықты пәндердің бірі, сондықтан сабақтарымды түрлі әдіс-тәсілдермен түрлендіріп өткізуге тырысамын. 

- Еңбек жолыңызды енді бастадыңыз, жақсы мұғалім болу үшін не істеу керек деп ойлайсыз? 

Жалпы, мұғалімдікті таңдаған жастар екі бағытта жұмыс жасауды көздейді. Мұғалім мамандығын алғандардың бір бөлігі ғылым бағытына икемделеді де, қалғандары оқытушылықты таңдайды. Мен үшін ұстаз болу - ұлағатты мәртебе. 

Әрине, мұғалім жан-жақты болу керек деп ойлаймын. Біз тек пән оқытушысы болып қоймай, оқушының тұлғалық және адамдық қасиетін дамыта білуіміз керек. Сондықтан әрбір ұстаз үшін психологиялық-педогогикалық тұрғыда және білім жағынан үздіксіз дамып отыру қажеттілігі туады. Қазіргі оқушылар ұстаздан сапалы білімді ғана емес, жақсы қарым-қатынасты да күтеді. Әрі білімнің қызықты жолмен берілуін қалайды. Балалардың оқуға деген қызығушылығын арттыру үшін, олардың жеткізейін деген ойын түсініп, тең дәрежеде сөйлесе білу керек. Бұл үшін мектептерде түрлі әдіс-тәсілдер қолданылады. Көбінесе мұғалім балалардың қызығушылығына қарай сабақты ойын түрінде өткізеді.

-Мұғалімнің мәртебесі туралы не айтар едіңіз?

«Алты Алаштың баласы қосылса, төр – мұғалімдікі» деп алаш қайраткері Мағжан Жұмабаев айтқандай, ұстаздың мәртебесі қашанда жоғары болуы керек. Еліміздегі «Педагог мәртебесі туралы» Заң да -  осы сөзімізге куә. Ұстаздардың құқығы, беделі, әлеуметтік жағдайы заңмен бекітіліп, үлкен құрмет көрсетілген соң, оларға қойылатын кәсіби талап та арта түседі. Біз, жас мамандар, осы жауапкершілікті жақсы түсінеміз және білімді ұрпақты тәрбиелеуге асталысамыз.  Менің ойымша, ұстаздық – қашанда болашағы бар мамандық!

-Сұхбатыңызға рахмет!