Республика күнінде бірқатар мұғалімдер марапатталды
Республика күніне орай Оқу-ағарту министрі білім беру жүйесінің 68 қызметкеріне марапаттар тапсырды, деп хабарлады Elorda.info.
Ғани Бейсембаев педагогтер мен білім беру саласы қызметкерлерін Республика күнімен құттықтап, олардың қызметіне сәттілік тіледі.
25 қазан – егемендіктің негізі қаланған тарихи күн. Еліміз тәуелсіз мемлекет ретінде түрлі қалыптасу мен даму кезеңдерінен өтті. Мұның бәрі біздің азаматтарымыздың, оның ішінде қазақстандық білім жүйесін дамытуға күнбе-күн үлес қосып жүрген педагогтердің, мектеп оқушылары мен студенттердің жетістіктерімен тығыз байланысты. Биылдың өзінде балаларымыз әртүрлі халықаралық олимпиадаларда 241 медаль иеленді, 23 оқушы ең беделді жеті әлемдік олимпиадада үздіктер қатарынан көрінді. Сондай-ақ, өз тарихында алғаш рет Қазақстан құрамасы EuroSkills-те 2 медаль, 4 үздік медальон жеңіп алды. Қазақстандық жастар еңсесін жоғары ұстап, еліміздің көк байрағын халықаралық ареналарда жылдан жылға биіктете берсін, - деді министр.
Білім саласындағы ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін Ы.Алтынсарин атындағы ҰБА-ның бас ғылыми қызметкері Жауымбай Қараев «Парасат» орденімен марапатталды. Білім беру саласының 4 қызметкері «Құрмет» орденін, 12 қызметкері «Ерен еңбегі үшін» медалін, сондай-ақ 3 қызметкер Құрмет грамотасын иеленді.
Марапатталғандар қатарында еліміздің әр өңірінен келген 48 педагог бар. Оларға «Еңбек ардагері» медалі, Ыбырай Алтынсарин медалі, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», Оқу-ағарту министрінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары, «Оқу-ағарту министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері» дипломдары табыс етілді.
Салтанатты жиын астаналық би ансамбльдері мен Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармония өнерпаздарының мерекелік концертімен жалғасты.