Әлімхан Ермеков қазақ жерін қалай сақтап қалды


«Алаштың соңғы тұяғы» атанған Әлімхан Ермеков – қазақтан шыққан тұңғыш математика профессоры, «Алаш» қозғалысының идеясын берік ұстанған қайраткер және елінің мақтан еткен ержүрек ұлы. Нар тұлғаның өмірі туралы бүгінге дейін неше түрлі кітап жазылып, жарық көрді. Соның бірі – Жанна Қыдыралинаның «Әлімхан Ермеков» атты кітабы.
Кітапта Әлімхан Әбеуұлы Қарқаралы уезінің №1 Теміршін болысынның Бөріктас дейтін жерінде 1891 (1890) жылы дүниеге келген делінген (қазіргі Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы).
Өз кітабында Жанна Қыдыралина Әлімхан Ермековтің білім алу жолын толықтай сипаттаған.
1899 жылы ізденімпаз Әлімханды әкесі Әбеу Қарқаралыдағы қалалық орыс училищесіне оқуға әкеледі. Кейін 1905 жылы училищені тәмамдағаннан соң, әкесі екеуі Қарқаралыдан кетіп, Әлімхан өз оқуын Семипалатинсктегі ерлер гимназиясында жалғастырады. Ал 1912 жылы осы оқу орнын алтын медальмен аяқтайды. Дәл сол жылы жас Әлімхан Томскідегі технологиялық институттың геологиялық-барлау факультетіне қабылданады.
Бір қызығы, «Әлімхан Ермеков» кітабында жас Әлімханның Томскіде оқып жүргенінде жер аударылып келген бірқатар тұлғалармен жолыққаны айтылады, соның бірі Шоқан Уәлихановтың ескі досы, әйгілі ғалым – Григорий Николаевич Потанин. Қарт ғалым Әлімханның бойындағы жалынды байқап, оған «Ең бастысы – өз халқыңның игілігі үшін еңбек ету. Мынаны ескергейсің, Әлімхан, сенің білімің – күллі қазақтың байлығы. Мұны әркез есіңде сақта» деп ағалық өсиетін айтады.
Өзіне артылған сенімді Әлімхан ақтай білді. Кітапқа сүйенсек, 1922 жылдың 9-10 тамыз аралығында В.И.Ленин арнайы жиналыс өткізді. Бұл жиналыста қырғыз өлкесін басқару және оның шекарасы мен РКФСР-мен ара қатынасы туралы мәселелер талқыға салынғанда, қол қусырмай қазақ халқының мүддесін қорғағандардың қатарында Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхаммеджан Сералинмен қатар Әлімхан Ермеков те болды. Зиялылардың дәлелді әрі мәнді баяндамалары арқасында КАКСР құрамына Семипалатинск, Өскемен, Зайсан, Қарқаралы, Ақмола, Торғай облыстары және бірнеше уездер мен Каспий жағалауы сынды аймақтар енді. Осы орайда Әлімхан Әбеуұлының ерен еңбегін атап өтпеске болмас. Шекара мәселесіне байланысты баяндамасында ол шекараны межелеу барысында басты назарға аймақтағы ұлттық, экономикалық және мәдени ерекшеліктерді алу керектігі жөнінде сөз қозғап, автономиялық қырғыз республикасын құру тек оңтүстік пен солтүстік аймақтардың арасында байланыс сақталғанда ғана мүмкін болатынын ескертті. Бабалар найзасының ұшы мен білегінің күшімен, қасық қандары қалғанша шайқасып бізге мирас еткен жерді бөтен елдің уысында қалдырмай, қайтаруға үлес қосқан Әлімхан – нағыз қаһарман!
Саясаттан бөлек Әлімхан қазақ халқының білім алуына аса көңіл бөлді. Сол себептен ағартушылықпен де айналысты. Жанна Қыдыралинаның кітабында атап өтілгендей, 1935 жылы Әлімхан Ермеков еліміздің тарихында алғаш рет қазақ тілінде «Ұлы математика курсы» кітабын жазып шығарды. Одан соң «Қазақ тілінің математика терминдері» атты түсіндірме сөздігін жарыққа шығарып, қазақ балаларының ана тілінде математика пәнін игеруіне жағдай жасады.
Өкінішке қарай, елінің өрені Әлімханды кеңестік қуғын-сүргін айналып өте шыққан жоқ. Соның кесірінен 1930 жылдың қыркүйек айында қызметінен қуылған ол тұтқындалған болатын. Дегенмен 1932 жылы босап шығып, Куйбышев институтында математика кафедрасының басшысы қызметін атқарады. Алайда 1938 жылы қайтадан түрмеге қамалады. 1949 жылы 9 наурыздағы КСРО Ұлттық қауіпсіздік министрлігінің қаулысы бойынша Әлімхан Ермековке қатысты іс тоқталып, оны босатуға бұйрық берілді.
Соңғы демі қалғанша елінің қамы үшін барын салған нар тұлға 1970 жылы 22 маусым күні 79 жасында Қарағанды қаласында өмірден өтті.
Әлімхан Ермековтің өмірімен танысуға Жанна Қыдыралинаның «Әлімхан Ермеков» кітабы маған көп көмектесті. Мен Әлімхан атамның терең біліміне, ол кісінің бойындағы елі мен жеріне деген терең махаббатына тәнтімін. Әрбір сөзді кеңестерге жағатындай сөйлеуге мәжбүр болған заманда Әлімхан атамыздың мәжілісте қазақ шекарасы туралы мәселені еш қорықпастан қозғағанына қайран қаламын. Меніңше Әлімхан Ермеков халқының есінде ел басына күн туған заманда қара басының қамын ойламай, бұқара халқы үшін аянбай еңбек еткен дара тұлға ретінде мәңгілікке қалады.
Аружан Омиртайқызы,
Астана қаласы
Әлімхан Ермеков атындағы
№38 мектеп-лицейінің
11-сынып оқушысы



