Колледждерге кәсіпорындар шефтік қамқорлық көрсететін болады
Еліміздегі 410 колледжді 500-ге жуық кәсіпорын шефтік қамқорлыққа алатын болды, деп хабарлады Elorda.info.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, шефтік қамқорлық көрсететін кәсіпорындар колледждердің қорғаншылық және өндірістік кеңестеріне енді. Олар педагогтердің кәсіпорындар базасында тағылымдамадан өтуіне, колледждердің лабораторияларын жабдықтауға қолдау білдіреді. Сондай-ақ, студенттердің әрі қарай жұмысқа орналасуына мүмкіндік беретін кәсіби және өндірістік тәжірибеден өтуі ұйымдастырылады.
Қазір 300 мыңнан астам студент кәсіби тәжірибемен қамтылған, 5 мыңнан астам педагог шефтік көрсететін кәсіпорындар базасында тағылымдамадан өтті. Колледждерде шефтік кәсіпорындардың қатысуымен 4 мыңнан астам білім бағдарламалары жаңартылды.
Еске салайық, биыл техникалық және кәсіби білім беру ұйымдарына 10 мыңнан астам студент мақсатты мемлекеттік тапсырыс бойынша міндетті жұмысқа орналастыру тәртібімен оқуға қабылданады.