Елордада алдағы оқу жылында 4 жаңа мектеп пайдалануға беріледі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев білім мәселелеріне басты назар аударып отыр. Саладағы реформалар да осы үдеден шығу үшін жасалып жатыр. Астана қаласында да бұл тарапта ауқымды әрі жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Шешімін таппай келе жатқан мәселелер де жоқ емес. Elorda.info тілшісі елордадағы мектеп тақырыбын зерделеп көрді.
Астана қаласы Білім басқармасының мәліметінше, басқармада білім жүйесін дамытуға арналған іс-шаралар жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Басқарма Мемлекет басшысының тапсырмаларын жіті назарға алып, өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруге бағытталған бағдарламалар мен реформалардың жүзеге асуын қадағалап отырады. Мәселен, мемлекет басшысының Астана қаласын дамыту мәселелері туралы кеңесте берген тапсырмалары, «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралары, 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» және 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар - ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі іс-шаралары уақытылы әрі сапалы орындалуда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басты басымдық беріп отырған мәселелерінің бірі - үш ауысымды мектептерді жою. Астана қаласы Білім басқармасы мамандарының айтуынша, қаламыздағы үш ауысымды оқыту мен орын жетіспеушілігі мәселесін шешу мақсатында биыл 15 700 орынға арналған 11 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Алдағы 1 қыркүйекке қарай 4 мектеп қолданылуға берілмек. Нәтижесінде, жылдың соңында үш ауысымды және бала саны шамадан артып отырған 6 мектептің мәселесі шешіледі деп күтілуде.
Сондай-ақ, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына сәйкес, 2023-2025 жылдар аралығында екі ауысымда 88 800 орындық 24 мектеп салынады деп жоспарлануда. Қабылданған шаралар мектептегі орын тапшылығы мәселесін толығымен жоюға бағытталған.
Тағы бір айта кетерлігі, мектеп салу мәселесін бюджет есебінен ғана емес, инвесторларды тарту арқылы да шешуге болатыны белгілі. Осыған орай, алдағы уақытта елордада жеке инвестициялар есебінен 18,3 мың орынға арналған 21 мектеп құрылысы жоспарлануда.
Ал, Астана қаласында оқушылардың саны қазір 236 757-ге жетіп отыр, өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 11 514-ге өскен.
Елордада балабақша жасындағы балалар саны да артып келеді. Астана қаласы Білім басқармасының дерегінше, бүгінде балабақшадағы балдырғандар саны 67 730 болса, өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 11 115 балаға өскен. Бұл балабақшадағы орын жетіспеушілігі мәселесін туғызатыны белгілі. Дегенмен мұны да оңтайлы шешу үшін біршама жұмыстар атқарылуда. Балабақшалардағы орын тапшылығын азайту мақсатында жеке меншік мектепке дейінгі ұйымдарда бүлдіршіндер үшін жылдың басынан бері 9 071 орын және жыл соңына дейін тағы 1 246 орын қосылмақ.
Сонымен қатар, тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарында қадамдық қолжетімділік қағидаты бойынша 500 орынға шақталған мемлекеттік балабақшалардың желісі ашылатын болады.
Астанадағы білім ошақтарында цифрлық сауаттылыққа да көңіл бөлініп отыр. Астана қаласы Білм басқармасының мәліметінше, «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын бекіту туралы» ҚР Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 3 тамыздағы № 348 бұйрығында «Информатика» оқу пәнінің атауы «Цифрлық сауаттылық» болып өзгертілген.
Бұл күнде елорда мектептерінде кітап жетіспеушілігі мәселесі толық шешілген. Астаналық оқушылар 100%-ға оқулықтармен және оқу кешендерімен қамтамасыз етіліпті. Сонымен қатар, ағымдағы жылы қосымша 830 861 дана оқулық пен оқу-әдістемелік кешендерді сатып алу көзделіп отыр.