Елімізде үш ауысымды мектеп саны 3 есеге азайды

9 сәуір, 2025
Айман Нығмет Айман Нығмет
Елімізде үш ауысымды мектеп саны 3 есеге азайды
фото: Оңалхан Өнерхан

Елімізде 2019 жылдан бастап 1 млн-нан астам оқушы орнына арналған 1200 жаңа мектеп қолданысқа берілді.  Бұл құрылыс жұмыстары елімізде 100-ге жуық үш ауысымды мектепті ғана емес, 200-ден астам мектептерде орын тапшылығын жоюға мүмкіндік берді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жаңа форматтағы мектептер салуға басымдық берілуде. 2024 жылдың қорытындысы бойынша 105 жайлы мектеп берілді.

Биыл жыл соңына дейін тағы 112 мектептің құрылысын аяқтау жоспарлануда. Сонымен қатар Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры арқылы 61 мектептің құрылысы қаржыландырылды. Оның аясында тағы 28 білім ордасын салу жоспарлануда. Білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын жақсартудың үшінші бағыты - жыл сайын 1000 ауылдық мектепті жаңғырту, сондай-ақ қолданыстағы мектептерді күрделі жөндеу, заманауи пәндік кабинеттермен жабдықтау жүргізіліп жатыр. 

«Мектеп инфрақұрылымын кешенді дамыту білім беру үшін жайлы жағдай жасауға және барлық бала үшін тұрғылықты жеріне қарамастан сапалы білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған. Жүйелі шаралардың арқасында екі жыл ішінде үш ауысымды мектептердің саны үш есеге қысқарды», - дейді Инфрақұрылымды дамыту департаменті директорының орынбасары Роза Сембаева.

Келесі кезеңде мектептердің инфрақұрылымын бірыңғай заманауи форматқа көшіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Президенттің тапсырмасына сәйкес, алдағы үш жыл ішінде еліміздің барлық өңірінде 1300-ге жуық мектепті реновациялау жоспарлануда.