Абай облысында бизнесті дамытуға арналған ЖИ мүмкіндіктері таныстырылды


Әлихан Бөкейхан университетінде кәсіпкерлерге арналған жасанды интеллект жобаларының таныстырылымы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Іс-шара барысында ұлттық AI-Sana жобасы аясында әзірленген жасанды интеллект агенттері таныстырылды. Жоба шеңберінде университет жанындағы Abai IT-Valley технокластері әзірлеген бұл шешімдер қазіргі таңда білім беру, бизнес, HR және автоматтандыру салаларындағы қолданбалы мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Жасанды интеллектінің мүмкіндіктері шағын және орта бизнесті дамыту мен кәсіпкерлік қызметтің тиімділігін арттыруда сенімді құрал бола алатыны нақты мысалдар арқылы көрсетілді.
Таныстырылым барысында Abai IT-Valley резиденттері кәсіпкерлік қауымдастық өкілдерінің құнды пікірлері мен ұсыныстарын тыңдады.
Айта кетейік, «AI-Sana» бағдарламасының мақсаты – ауыл шаруашылығы, су шаруашылығы, энергетика және басқа да салалар бойынша бейінді мамандықтарда білім алатын студенттерге жасанды интеллект және AI-кәсіпкерлік саласындағы қосымша құзыреттерді меңгеруге мүмкіндік беру, сондай-ақ аталған салалар бойынша білімін кезең-кезеңімен арттыру. Бұл тәсіл болашақ мамандарға өз кәсіби саласын терең меңгеріп қана қоймай, жұмыс үдерістерін оңтайландыру және салалық өзекті мәселелерді шешу үшін ЖИ технологияларын белсенді қолдануға мүмкіндік береді.



