ҰБТ өткізу барысында 103 адам ереже бұзған – министрлік

25 мың адам тамыз айындағы ҰБТ-ны тапсырды. Шекті балды 58% талапкер жинады. Бес пән бойынша орташа балл – 56 балл. Ең жоғары балл – 134, деп хабарлады Elordainfo.kz Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Министрліктің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында тамыз ҰБТ-сына 112 талапкер қатысқан.
ҰБТ өткізу барысында 103 ереже бұзушылық анықталған. Оның ішінде 37 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 66 адам шығарылды. Бөгде тұлғалар анықталған жоқ.
Айта кетейік, 2025 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады.
ЖОО-да ақылы негізде өз мамандығы бойынша оқуды жалғастыруды жоспарлап отырған колледж түлектері оқуға әңгімелесу қорытындысы бойынша қабылданады. Бұл ретте оқуға қабылдауды ЖОО-ның қабылдау комиссиялары жүзеге асырады.



