«Болашақ» бағдарламасы аясында 189 үміткерге стипендия тағайындалды

28 мамыр, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
«Болашақ» бағдарламасы аясында 189 үміткерге стипендия тағайындалды
Фото: akorda.kz

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жиын барысында 189 азаматқа «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау туралы шешім қабылданды.

Биыл конкурстық іріктеу жаңа ережеге сай кезең-кезеңімен өтіп жатыр. Оның аясында кешенді тестілеу және жеке сұхбаттар жүргізілді.

Стипендия иегерлерінің 164-і – магистратурада, 10-ы докторантурада білім алмақ. Сондай-ақ 15 азамат әлемнің ең үздік университеттері мен орталықтарында кәсіби тағылымдамадан өтеді.

Маман даярлаудың басым бағыттарына ерекше назар аударылды. Яғни стипендия иегерлерінің 73 пайызы – жаратылыстану-техникалық, ал 27 пайызы қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар бойынша білімін жетілдіреді.

Сондай-ақ отырыста еліміздің атом энергетикасы саласына қажетті кадрлар даярлау мәселесі қаралды.

Жиын соңында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау бағдарламасын одан әрі жетілдіруге қатысты нақты тапсырма берді.