Бөкетов атындағы Қарағанды университетіне «ұлттық» мәртебесі берілді

12 тамыз, 2025
Айман Нығмет Айман Нығмет
views74
Бөкетов атындағы Қарағанды университетіне «ұлттық» мәртебесі берілді
фото: instagram.com/buketov.university

Президент Жарлығымен Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетіне «ұлттық» атағы берілді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Бұл- әділетті әрі тарихи шешім. Себебі 1991 жылға дейін Қазақстанда тек екі ғана университет деңгейіндегі жоғары оқу орны болды: ҚазМУ және КарМУ (қазіргі Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті). Бұл факт КарМУ-дың сол кездегі де, бүгінгі де деңгейі мен әлеуетін айқын көрсетеді. Ол әлеует әлі күнге дейін бар және жаңа деңгейге көтерілуге дайын.

Жаңа мәртебе- бұл университеттің жетістіктерін мойындау ғана емес, сонымен қатар ғылым, білім және кәсіби даму үшін жаңа мүмкіндіктердің бастауы. Айтпақшы, бұл бюджеттен бөлінетін қаржының артуына тікелей әсер етеді, демек, профессор-оқытушылар құрамының еңбекақысының өсуі және университетіміздің материалдық-техникалық базасының дамуы деген сөз.

Құрметті профессор-оқытушы құрам, қызметкерлер және студенттер! Сіздерді осы маңызды әрі қуанышты оқиғамен шын жүректен құттықтаймын!»,- деп жазды Асхат Аймағамбетов.