Қазақстандық оқушылар халықаралық математикалық олимпиадада ел намысын қорғайды


Қазақстанның құрама командасы Приштина (Косово) қаласында қыздарға арналған Еуропалық математикалық олимпиадаға (EGMO) қатысып жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Зияткерлік сайыста әлемнің 60 елінен 240 оқушы бақ сынайды. Қазақстан құрамасын Алматы қаласындағы Haileybury Almaty халықаралық мектебінің 11-сынып оқушысы Арай Қасенова, Павлодар қаласындағы дарынды балаларға арналған №8 мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Юлия Катунина, Алматы қаласындағы С.Ходжиков атындағы №39 мамандандырылған лицейдің 11-сынып оқушысы Анар Дидарбекова және Аружан Қайрат таныстырады.
EGMO алғаш рет 2012 жылы Кембриджде (Ұлыбритания) өткізілді. Қазақстан командасы олимпиадаға 2017 жылдан бері қатысып келеді. Осы уақыт ішінде еліміздің құрамасы 3 алтын, 9 күміс, 11 қола медаль және 4 құрмет грамотасын жеңіп алған болатын.