Қазақстан тарихының көмтомдығы қашан жарық көреді


Бұл туралы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин депутат Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Қазақстан тарихының көмтомдығы дайындалып жатыр деген кезде көпшілік дайындалу уақыты тым ұзаққа созылып кетті деп , тағатсыздық танытып жатқаны бар. Кейбірі «осы көптомдықты дайындап жатқандар арасында бір бағытта жұмыс істеу жағы болмай жатыр, сондықтан да уақыты ұзарып кетті» деген сыни пікір бар. Бұл жасырын емес, қоғамда айтылып жатқан дүние. Демек көптомдық қашан жарық көреді деген сұрақ туындайды»,- деді депутат Нартай Аралбайұлы.
Ерлан Қарин бұған дейінгі көптомдық 10 жылдай уақытта жазылғанын айтып, керісінше жаңа баспа тез дайындалып жатқанын атап өтті.
«Алдыңғы көптомдықтармен салыстыратын болсақ, біз тым тез дайындап жатқан жоқпыз ба деген уайым бар. Себебі бұл көптомдықты дайындап жатқанымызға 3 жылдан асты. Ал бұған дейінгі жазылған көптомдық 10 жылдай уақытта жазылды. Сондықтан бұл көптомдықтың дайындалуы созылып кетті деген жай сөз. Біз оны жоспарға сәйкес дайындап жатырмыз»,- деді ол.
Мемлекеттік кеңесші өз сөзінде көптомдықтың негізгі жұмыстары аяқталғанын айтты.
«Жалпы 7 том болады деп белгілеп отырмыз және сол құрылым бойынша жұмыс жасап жатырмыз. Қазіргі уақытта негізгі жұмыстар аяқталды, яғни қолжазбалар жазылды. Бүгінде редакциялық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Әрбір томның редакциялық алқасы бекітілген. Мысалы, бірінші том «Ерте дәуірдегі Қазақстан» деп аталады, оны Археология институты дайындап жатыр. Екінші том – Түркі дәуіріндегі Қазақстан, үшінші том – Алтын орда деп аталады. Осы әрбір томның редакциялық алқасы жазылған қолжазбадағы деректерді тағы бір мәрте тексеріп, бір тұжырымға келуі тиіс. Одан кейін жалпы көптомдықтың редакциялық алқасында талқылануы керек. Бізге жақында жіберді, енді біз өз тарапымыздан тексерген соң ғана оны баспаға жібереміз. Биыл оларды баспаға жіберетін боламыз», - деді Ерлан Қарин.