Қазақстан құрамасы биологиядан халықаралық олимпиадаға аттанды

21 шілде, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Қазақстан құрамасы биологиядан халықаралық олимпиадаға аттанды
Фото: Оқу-ағарту министрлігінен

Филиппиннің Кесон-Сити қаласында биологиядан Халықаралық олимпиада өтеді. Аталған зияткерлік додада Қазақстанның дарынды оқушыларынан құралған ұлттық құрама ел намысын қорғайды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Биологиядан халықаралық олимпиада – 15 жастан кіші емес және 21 жастан аспаған оқушыларға арналған жыл сайынғы ғылыми жарыс. Олимпиада барысында қатысушылар теориялық және практикалық турларда білімдерін сынайды. Байқау тапсырмалары жасуша биологиясы, молекулалық биология, өсімдіктер мен жануарлар анатомиясы және физиологиясы, этология, генетика, экология, эволюция, биосистематика сияқты негізгі ғылыми бағыттарды қамтиды.

Биылғы Қазақстан құрамасының құрамы:

• Батыр Ержанұлы – Өскемен қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы;

• Айғаным Балташова – Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы;

• Ерсұлтан Қайыркен – Павлодар облысындағы дарынды ұлдарға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының 10-сынып оқушысы;

• Әлихан Әшірханов – Алматы қаласындағы дарынды ұлдарға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының 8-сынып оқушысы.

Айта кетейік, Халықаралық биология олимпиадасы алғаш рет 1990 жылы Чехословакияда өткен. Қазақстан бұл олимпиадаға 1994 жылдан бері тұрақты түрде қатысып келеді. Осы уақыт аралығында еліміздің оқушылары 2 алтын, 18 күміс, 52 қола медаль және 12 Құрмет грамотасын жеңіп алды.