360 мыңнан астам ауыл оқушысы жаңғыртылған мектептерде білім алып жатыр
360 мыңнан астам ауыл оқушысы жаңғыртылған мектептерде білім алып жатыр, деп хабарлады Elorda.info.
Ауыл мектептерін жаңғырту жобасында күрделі немесе ағымдағы жөндеу, пән кабинеттерімен жабдықтау, мектеп жиһаздарын жаңарту, кітапханаларды, асханаларды, қауіпсіздік жағдайларын жақсарту және жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету көзделген. Бастысы – мектептерді балалар үшін ең жайлы және қауіпсіз орынға айналдыру.
Жаңғырту аясында 653 мектепте күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 612 заманауи пәндік кабинеттер орнатылды. 587 мектепте жиһаз, 771 мектепте кітапхана жаңартылды, 263 мектепте асхана жаңғыртылды. 715 мектепте қауіпсіздік жағдайы жақсартылды, - дейді Оқу-ағарту министрлігі Инфрақұрылымды дамыту департаменті директорының орынбасары Марлен Қасенов.
Қазіргі таңда республика бойынша мектептерде химия, физика, биология, STEM және робототехника бойынша 1 516 заманауи пәндік кабинеттер ашылды. Биыл тағы 1000 заманауи мектеп кабинеттерін ашу жоспарлануда. Жалпы, 2025 жылға қарай 5 мың ауыл мектебін жаңғырту жоспарланып отыр.