Шетелдіктерге арналған стипендиялық бағдарламаға құжат қабылдау басталды
Бүгін еліміздегі жоғары оқу орындарында білім алуға арналған стипендиялық бағдарламаға құжат қабылдау басталды, деп хабарлады Elorda.info.
Бағдарламаға шетел азаматтары, оның ішінде Қазақстан Республикасының азаматтығы жоқ қазақ ұлтының өкілдері қатыса алады. Өтініш беру онлайн форматта ҚР ҒЖБМ Жоғары білімді дамытудың ұлттық орталығының веб-порталы арқылы жүзеге асырылады.
Жоғары білім беруді интернационалдандыру мақсатында бакалавриат, магистратура және докторантураның білім беру бағдарламалары бойынша Қазақстанның жоғары оқу орындарында шетел азаматтарын оқыту үшін 550 грант, оның ішінде бакалавриатқа 490 грант, магистратураға 50 грант, PhD докторантураға 10 грант бөлінген. Бағдарлама аясында тегін білім беру мен білім алушының академиялық жетістіктеріне байланысты ай сайынғы стипендиямен қамтамасыз етіледі.
ҚР ҒЖБМ Жоғары білімді дамытудың ұлттық орталығының сайтында құжаттарды онлайн қабылдау 30 наурызда басталып, 30 маусымға дейін жалғасады.
Үміткерлерді іріктеу ұсынылған құжаттар, бейімделу әлеуетін анықтауға арналған онлайн-тестілеу нәтижелері және онлайн әңгімелесу негізінде жүргізіледі. Стипендиаттар тізімі биылғы 28 тамызға дейін жарияланады.
Қосымша сұрақтар бойынша стипендиялық бағдарлама операторына келесі нөмірлер бойынша хабарласуға болады: +7 (7172) 28 75 26, 28 75 31.