00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Елімізде диплом сататындар көбейді

Елімізде диплом сататындар көбейді

Елде маңдайалды оқу орындарының ресми құжатын ақшаға жасап беретіндер көбейді. Ең қызығы, жалған диплом сатып алушылардың арасында мектепте сабақ беріп жүрген мұғалімдер де бар, деп хабарлады Elorda.info.

Qazaqstan.tv жазуынша, дипломның саудасы әлеуметтік желіде қызып тұр. Мөрі басылған көк, қызыл қағаздың түр-түрін ұсынған арнайы сайттарда көз сүрінеді. Мектеп аттестататынан бастап жоғары оқу орнының докторлық дәрежесіне дейін сатып алуға болады. Біліктілігін арттырғысы келгендер үшін сертификаттың түріне де таңдау бар. Диплом сататын сайттардың бірқатарына хабарласып көрдік.

Елдегі белгілі университтердің бірі де  сайттардың құрбанына айналған. Білім ордасының дипломы 300 мың теңгеге бағаланып отыр. Оқу орнының өзі бұдан бейхабар. Хабарласқанымызда бірден заңгерлермен кеңесіп, алаяқ сайттарға арыз тастайтындарын айтты. Сондай-ақ, түлектердің аты-жөнін енді ресми сайтқа жариялаймыз деген тоқтамға келіпті.

Барлық түлектердің аты-жөнін веб сайтта жариялау. Бұл жөнінде университет көп жылдардан бері ойланып келеді. Түлектердің саны да артып келеді. Сондықтан ол қиыншылыққа соғуы мүмкін. Жұмыс берушілер, мекемелер, түлектердің аттарын сол университет веб сайтынан тапса, сонда дипломның түпнұсқалығы расталады, - деді университеттің баспасөз хатшысы Ләззат Шатаева.

Оқымай-ақ, жалған құжат жасатып, мектепте емін-еркін сабақ беріп жүрген мұғалімдер де бар. Былтыр Түркістан облысының өзінде 35 педагог анықталған. Қызылордада атестаттау кезінде 100-ден аса ұстаздың дипломы жалған болып, барлығы да жұмыстан қуылды. Алматы мен Жетісу облысында да дәл осындай 100-ден аса жағдай тіркелді.

Кімнің университетте оқыды не оқымады біліп отыр ғой. Сондықтан да олар бір-бірінің артынан сондай арыз жазады. Оны арнайы тексеріп отыруға біздің құзыретіміз жоқ. Бұл мәселерді шешу үшін бүкіл дипломдарды цифрландыруға көштік. Әрбір университет 2000 жылдан бері берген дипломдарын базаға енгізіп жатыр, - деді Ғылым және жоғарғы білім министрлігі комитет төрағасының м.а Бану Нарбекова.

Құзырлылар жалған құжат жасаумен айналысқандар 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін деп ескертеді. Егер мұны бірнеше адаммен ұйымдасып жасаса, онда 4 жылға темір торға қамалмақ. Жалған құжатты сатып алып, пайдаланғандар да жазасыз қалмайды. Жарты млн теңгеден астам айыппұл төлеп, 40 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған.