Қазақстанда ЖОО-да оқитын шетелдік студенттер саны азайып келеді
2022-2023 оқу жылында 4 749 шетелдік студент еліміздің ЖОО-на қабылданған, деп хабарлады Elorda.info.
Inbusiness.kz жазуынша, бұл соңғы 7 жылдағы ең төменгі көрсеткіш. Ал, ең жоғары көрсеткіш 2019-2020 оқу жылында тіркелген.
Пандемияға дейінгі оқу жылында еліміздің жоғары оқу орындарына 16 933 шетелдік қабылданған. Биылғы көрсеткіштен 3,5 есе көп.
Бірінші кредиттік бюро мәліметінше, елімізде жоғары білім алатын әрбір төртінші шетелдік студент грантта оқиды. Биылғы абитуриенттердің арасында білім беру грантын 1057 шетелдік иеленген. Жалпы көрсеткіштің 22,3%-ы. Ал, 2019-2020 оқу жылында грант иеленген шетелдік студенттердің үлесі 6,5%-ды құраған болатын. Ал, грантта оқитын қазақстандық студенттердің үлесі 35% екен.
Елімізде жоғары білім алуға негізінен өзбекстандық жастар ниетті. Биыл бұл елден 1813 адам келген. Одан кейінгі орындарда 699 студентпен Пәкістан, 510 адам білім алатын Үндістан және 431 студент келген Ресей орналасыпты.