Қазақстандық мұғалімдер TikTok-та танымал бола түсті
TikTok-та #ҚазақстанМұғалімдері және #УчителяКазахстана байқауының қатысушылары, яғни қазақстандық мұғалімдердің креативті танымдық бейнероликтері танымал болып келеді, деп хабарлады Elorda.info.
Мұғалімдердің бейнероликтері көрермендердің үлкен қызығушылығын тудырып, бір айдың ішінде 100 млн-нан астам рет қаралып үлгерген.
Қазақстандық мұғалімдерге арналған байқауды Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен TikTok қысқа бейнероликтерді көру және жасау бойынша жетекші платформа өткізіп жатыр. Байқау жеңімпаздары бағалы сыйлықтар – IPhone 13 Pro Max, сондай-ақ TikTok таланттарды дамыту бағдарламасына шақыру алады.
TikTok платформасындағы бейнероликтері арқылы педагогтер өздерінің таланты мен шығармашылық қабілетін көрсетіп, негізгі пәні бойынша сабақ мазмұнын қызықты форматта ұсынады. Мұғалімдер математика, химия, ағылшын және қазақ тілдері, сондай-ақ басқа да білім бағыттары бойынша қызықты бейнероликтер жариялап жатыр. Мысалы, математика пәнінің мұғалімі @the_bekbolat01 екілік теңдеуді тез шешуге болатын лайфхактармен бөліссе, химия пәнінің мұғалімі @wannabeteacher литий туралы рок айтып, бейне жариялап жатыр.
Елімізде әлеуметтік желі арқылы пән сабағын, білімі мен ғылымын насихаттап жүрген мұғалімдер көп. Соның арқасында еліміздің түкпір-түкпіріндегі балалар онлайн форматта жаңа білім алады. Жетекші TikTok платформасының өкілдері ұстаздарымыздың бастамаларын жоғары бағалап, қазақстандық мұғалімдер үшін байқаулар ұйымдастырып жатқаны қуантады. Бұл Tiktok платформасында білім беру мазмұнын бірлесіп дамытуға қосымша ынталандыру болады, – деп айтты Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз хатшысы Мөлдір Әбдуалиева.
TikTok желісін қолдануды енді бастаған мұғалімдер үшін TikTok өкілдері мен танымал контент авторлары арнайы тренинг вебинар өткізді.
Оған Қазақстанның барлық аймағынан 300 мұғалім қатысты.
#ҚазақстанМұғалімдері мен #УчителяКазахстана байқауына мұғалімдер қатыса алады. Ол үшін ұзақтығы кемінде 30 секунд болатын танымдық бейнероликтер түсіріп, #ҚазақстанМұғалімдері және #УчителяКазахстана хэштегтерін пайдаланып, оларды 2022 жылғы 1 желтоқсанға дейін TikTok-та жариялау қажет.
Байқаудың қазылар алқасы – жоба елшілері, TikTok және Оқу-ағарту министрлігі өкілдері қатысушыларды үш номинация бойынша бағалайды:
- Ең креативті мұғалім. Марапатты белгілі бір тақырыпты қысқаша, түсінікті және креативті түсіндіре алған автор алады.
- Мұғалім-жаңалық. Жеңіс байқау кезеңінде жаңа аккаунты ең көп қаралған мұғалімге беріледі.
- Үздік бейнеролик. Байқау барысында хэштег видеосы ең көп қаралған мұғалім жеңімпаз атанады.