«Жайлы мектеп» пилоттық жобасын жүзеге асыру мәселелері бойынша кеңес өтті
Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов облыстар мен республикалық маңызы бар қала әкімдерінің орынбасарларымен, ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің өкілдерімен кеңес өткізді, деп хабарлады Elorda.info.
Күн тәртібінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының пилотын іске асыру мәселелері қаралды.
Министр жетекшілік ететін әкім орынбасарларының ақпаратын тыңдады.
Облыстар мен Астана, Алматы және Шымкент қалалары әкімдіктерінің өкілдерімен жайлы мектептер салу үшін жер телімдерін бөлу, жобалық құжаттарын дайындау, сондай-ақ инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен, яғни электрмен, сумен, жылумен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Сонымен қатар кәріз, кіреберіс жолдар, жаңа мектептерге тротуарлар, қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету, аялдамалар және т.б. мәселелер қаралды.
Заңнамалық тұрғыда мектеп салу мәселесі әкімдіктердің құзырында. Бірақ Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері ауқымды жобаның жүзеге асырылуын бақылауда ұстайтынын атап өтті.
«Жайлы мектеп» жаңа ұлттық жобасы бойынша кемінде 800 мың оқушы орнын пайдалануға беру және апатты, үшауысымды мектептер мен оқушы орнының тапшылығы мәселелесін шешу жоспарланған.