Асхат Аймағамбетов Астана маңындағы мектептерді аралады
Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Қосшы қаласы, Талапкер ауылы және Үркер шағын ауданындағы үшауысымды және оқушы орындарының тапшылығы бар мектептерді аралады, деп хабарлады Elorda.info.
Министр қазір жұмыс істеп тұрған мектептердегі оқушы санын реттеу мақсатында салынып жатқан жаңа мектептердің құрылыс жұмысымен және «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 2023 жылы мектеп құрылысы басталатын орындармен танысты.
Заңды түрде мектеп салу және оған бюджеттен қаржы бөлу әкімдіктердің құзырында. Оларды жобалау, құрылыс мекемелерін таңдау жұмыстарымен де жергілікті құрылыс басқармалары айналысады. Алайда бұл мәселені бақылауда ұстау маңызды, - деді министр.
Қосшыда биылғы қыркүйек айында 1 200 орындық мектеп пайдалануға берілді. Қазір онда тағы екі жаңа мектеп салынып жатыр. Олар 2023 жылдың жазына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
«Жайлы мектеп» жобасы аясында келесі жылы 11 000 орындық тағы 3 мектептің құрылысы басталады (екі ауысым).
Бұл оқушылар орнының жетіспеушілігі мәселесін толығымен шешуге мүмкіндік береді.
2023 жылы Талапкер ауылында «Жайлы мектеп» аясында екі мектеп 4 800 орынға, Қажымұқан ауылында бір мектеп 1 800 орынға салу жоспарда бар (екі ауысым). Бұл оқушы орнының тапшылығы мәселесін толығымен шешеді.
Үркердегі №69 мектеп-гимназиясында да болдым. Оқу кабинеттерін, психологиялық-педагогикалық түзету, робототехника кабинеттерін аралап шықтым. Мұғалімдермен әңгімелестім. Бұл мектепте 28 бала инклюзивті білім алады. Мектеп үшауысымды. Оған жақын жерден 2023 жылы «Жайлы мектеп» аясында 2 000 орындық жаңа мектептің құрылысы басталады, - деді А.Аймағамбетов.