Мектеп кітапханаларын міндетті түрде аралаймын - министр
Бұл туралы оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлады Elorda.info Telegram каналына сілтеме жасап.
Өңірлерге іссапармен барғанда міндетті түрде мектеп кітапханаларын аралаймын. Сонымен қатар кітапханашылармен әңгімелесіп, кітапханалардың көркем әдебиетпен қамтамасыз етілуін, жөндеу және жабдықтау жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын тексеремін. Бұл шаралардың барлығы Президенттің тапсырмасы бойынша «Оқуға құштар мектеп» республикалық жобасы аясында жүзеге асырылып жатыр, - деді министр.
Асхат Аймағамбетов былтыр жобаны іске асыру аясында мектеп кітапханаларына 2 млн-нан астам кітап сатып алынса, биыл 1,5 млн кітап жеткізілгенін айтты. Бұл - отандық және әлем әдебиеті.
Оқушыларды кітап оқуға баулу, олардың кітапқа деген сүйіспеншілігін ояту өте маңызды. Әрине, бұл жұмыстың барлығы кітапханашылардың еңбегінсіз мүмкін емес. Балалармен тіл табысу, оларды кітап оқуға баулу, жарық көрген үлкен әдебиеттер ағынын шарлау, кітап қорын білу және оқушылар мен колледж студенттеріне кітап оқуға кеңес беру – үлкен интеллектуалды жұмыс, - деді А.Аймағамбетов.
Бүгінгі таңда еліміздің мектептерінде 8 мыңға жуық кітапханашы (7 841) жұмыс істейді.
Бүгінгі мереке - осы мамандықтың қаншалықты маңызды екенін мойындау. Оқушылар мен студенттер еңбектеріңізді жоғары бағалайтынына сенімім мол. «Жайлы мектеп» жобасын іске асыру шеңберінде салынатын мектептерде заманауи жабдықтары бар кітапханалардың жаңа форматы және кітапханашылар мен оқырмандар үшін ыңғайлы кеңістікті ұйымдастыру қарастырылған. Кәсіби мереке құтты болсын, құрметті әріптестер, - деді министр.