Қазақстандық түлек колледж студенттеріне арналған әлем чемпионатында қола медаль алды (ВИДЕО)
Қазақстандық колледж түлегі Дина Афанасьева WorldSkills Competition 2022 Special Edition әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алды. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов өзінің facebook-парақшасында жазды, деп хабарлады Elorda.info.
Жарыс 9-17 қазан аралығында Коян қаласында (Оңтүстік Корея) өтті. Отандасымыз «Веб-технологиялар» құзыреттілігі бойынша осындай жоғары нәтижеге қол жеткізді. Бұл – дүниежүзіндегі колледж студенттеріне арналған ең беделді жарыста алған Қазақстанның алғашқы медалі.
Былтыр Павлодар колледжінің студенті болған Дина «Веб-әзірлеу» бағыты бойынша EuroSkills Graz 2021 Еуропа чемпионатында қола медаль жеңіп алған болатын.
Динаны жеңісімен құттықтаймын! Оның еңбегі, білімі мен табандылығы – еліміздің барлық колледж студенттеріне үлгі. Сондай-ақ әріптесім, елордалық колледж оқытушысы Айжан Зиядановаға студентінің тамаша нәтижесі үшін алғыс айтқым келеді. Алда Динаны жаңа жеңістер мен биік белестер күтіп тұрғанына сенімдімін.
WorldSkills Competition 2022 Special Edition-ға 60-тан астам ел 63 негізгі құзыреттілік пен 1 демонстрациялық құзыреттілік бойынша қатысып жатқанын атап өткім келеді. Чемпионатқа Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасы 30 құзыреттілік бойынша қатысып жатыр. Жарыстар 10 елдің 16 қаласында өтіп, 28 қарашаға дейін жалғасады,- деп жазды министр.