«Үздік ғылыми қызметкер» конкурсының ережелері өзгертілмек
Министрлік өзгерістер отандық ғалымдарды қолдау және конкурс үшін қажетті құжаттарға қатысты бюрократиядан арылу мақсатында жасалып отырғанын жеткізді.
«Үздік ғылыми қызметкер» конкурсына қатысу үшін енді мынадай талаптар қойылады:
• Конкурсқа ЖОО-ның немесе жоғары оқу орындарынан кейінгі білім беру ұйымдарының штаттық ғылыми қызметкерлері қатысады. Қатысушыдан қандай да бір қызмет орнында жұмыс істейтінін растайтын анықтама сұралмайды;
• Бір мәрте аталған сыйлықты алған адам енді конкурсқа тек 10 жылдан кейін қатыса алады. Бұрын бір рет сыйлық иеленген ғылыми қызметкер өз кандидатурасын 5 жылдан кейін қайта ұсына алатын;
• «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағының иегерлері аталған конкурсқа он жыл ішінде қатыса алмайды;
• Қатысушының ғылыми зерттеулері экономикаға, қоғамға, денсаулық сақтау, мәдениет, елді басқару, мемлекеттік қызметтерге, өндіріске, білімге және қоршаған ортаға пайдасы тиген болуы керек;
• Кандидаттың құжаттарының толықтығын тексеру мерзімі алынып тасталады. Бұрын 10 күн ішінде құжаттардың толық әрі дәйекті болуы тексерілетін;
• Комиссия мүшелері мүдделер қақтығысы болған жағдайда кандидаттың ғылыми жетістіктерін бағалау жұмыстарына қатыспайды;
• Комиссияның жеңімпаз туралы шешімі көпшілік дауыспен қабылданады. Берілген дауыстар тең болған жағдайда, комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады;
• Үміткер жалған немесе дәлелденбеген мәлімет ұсынса, комиссия шешімімен ол келесі 3 жыл ішінде «Үздік ғылыми қызметкер» және «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» конкурстарына қатысуына тыйым салынады.
Жаңа тәртіптер енгізілгелі отырған бұйрық жобасы «Ашық» НҚА сайтында жарияланды. Ол 15 тамызға дейін ашық талқылауға шығарылды.