Биге ғашық балалар: Елордалық оқушылар Мәскеуден жүлдемен оралды
5 жасынан биге қатысқан бұл жұптың бұдан басқа да жетістіктері көп. Атап айтсақ, олар 2019 жылғы Әлем чемпиондары, Blackpool фестивалінің күміс жүлдегерлері (Англия, 2019) және 2018 жылғы әлем чемпионатының финалистері.
Дарияның әкесі Ли Виктордың айтуынша, қызы 4 жасынан бастап биге қатысқан.
Алғашқы күннен бастап қызығушылығы өте жақсы болды. Осы уақытқа дейін еліміздегі байқаулардың біразына қатысты. Соңғы уақытта Ресейдегі маңызды би жарыстарына қатысып жүр. 2018 жылы Дублинде өткен әлем чемпионатында күміс жүлдегері атанып, чемпионат атанды. Осы жетістік оны қанаттандырып, қазір өзін тек биден ғана көреді. Болашағынан үміт күтемін, – дейді ол.
Дария болашақта би саласының үздігі болғысы келеді.
Кішкентай кезімнен биге қызығамын. Әуен қосылса, соған елітіп билегім келетін. Сол қабілетімді әкем байқап, 4 жасымнан биге қатыстырды. Аляуддин екеуміз 4 жылдан бері жұп болып билейміз. Бір-бірімізге үйреніп қалдық. Қарсыластарымызды да бірден аңғарып отырамыз. Алдағы уақытта бірнеше ірі байқауға дайындалып жатырмыз, – дейді Дария.
Аляуддиннің есімі ерекше. Өзінің айтуынша, әкесі қойған екен.
Есімімді әкем қойды. Мұсылман есімі әрі ерекше болғандықтан, өзіме қатты ұнайды. Бос уақытымда LEGO құрастырғанды және программалауды, құрылғылар туралы зерттегенді жақсы көремін. Мектептегі пәндік олимпиадаларға қатысуға шақырады. Бірақ биді қатты жақсы көремін. Бұдан бөлек фортепианоны білемін. Қазір қатысып жүрген жоқпын, – дейді ол. – Әр байқауға барардан бұрын Ресейден арнайы хореографтар шақырып, солардан сабақ аламыз. Екі айда бір рет Мәскеуге барып, дайындалуға тырысамыз, – дейді Аляуддин.
Оның арманы – 15 жасымда Supadance-пен контракт жасау.
Шынымды айтсам, билеу арқылы өмірге ғашық боламын. Би билегенде басқаша әлемде жүрем десем де болады. Осы уақытқа дейін алған жетістіктерім аз емес. Бірақ армандарымның бірі – 15 жасымда Supadance-пен 500000$-ға контракт жасағым келеді. Бұл мен үшін жетістік болар еді. Қазақстаннан басқа Ресей, Украина, АҚШ, Еуропаның қалаларына бардым. Неше түрлі жағдайлар болады. Бірде жарыстың алдында мұрнымнан қан ақты. Қатты уайымдағандықтан болар, ерте тұрып алдым. Бірақ сахнаға шығар алдында бәрі басылды. Өзімді жақсы сезініп, билеп шықтым. Әр сахнаға шыққаннан кейін мен де үлкен шабыт пайда болады, – дейді Аляуддин.
Анасы Гуляның айтуынша, кішкентай кезінен ұлының биге икемін байқаған.
Кішкентай кезінен биге жақын болды. 2 жасынан бастап жүзуге қатысты. Айналасында билегендерді көрсе, солармен бірге қимылдап билейтін. 5 жасында «мама, мен билеймін» деп түрлі билердің қимылдарын көрсететін. Сосын үйдің қасындағы тау халқының ұлттық биіне қатыстырдым. Бірақ өзі оны ұнатпаса да, қатысып жүрді. Кейін 6 жасында Балет академиясына бердік. Сонда 2 жыл қатысты. Онда тәртіп қатал әрі өзіне де қиындық тудырғасын ауысқысы келді. Сөйтіп, 8 жасында өзі қалаған латын биіне бердік. Ұстазы өте жақсы болды. Бізге шетелдік жарысқа қатысуға ұсыныс жасады. Алғаш рет Санкт-Петербургке барып, әртүрлі категориядағы 4 би биледі. 30 жұптың ішінде І орын алдық. Одан кейін бірінші рет Әлем чемпионатына баруға дайындалдық. Әуелгіде басқа қызбен жұп болған еді. Төрт күн қалғанда жұбы ауырып, осы Дариямен жұп болды. Сөйтіп, Парижде 3 күн қатарынан 6-орынды ешкімге бермедік. Алғаш қатысқан үлкен байқауы үшін өте үлкен жетістік деп айтар едім. Әр байқауға барардан бұрын Ресейден арнайы хореографтар шақырып, солардан сабақ аламыз. Екі айда бір рет Мәскеуге барып, дайындалуға тырысамыз. Себебі сол жақта жақсы дамыған әрі дәрежесі өсіп отырады. Мінезі әзілқой, ашық, ортаға тез бейімделеді. Киімді өзі таңдайды. Сабақты жақсы оқиды. Өте мақсатшыл. Үнемі ізденіп отырады. Жануарларды өте жақсы көреді. Бір рет Мәскеуге барғанбыз. Аляуддин ІІ орын иемденді. Сахнада тұрып, дипломын лақтырып, жылап жіберді. «Неге жыладың?» деп ресейлік жаттықтырушылары қасына барды. «Екінші орын алғаныма ренжіп тұрған жоқпын. Бірақ мен әлем чемпионатына қатысқанда олар қайда болды? Бұл әділетсіздік қой!» деп жылаған еді. Бірақ кез келген жеңілісті жақсы қабылдайды, – деді Гуля.
Айзада ЖАЙЫҚҚЫЗЫ