00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Қазақстандық 34 ЖОО әлемнің үздік университеттерінің рейтингіне енді

24 ақпан, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Қазақстандық 34 ЖОО әлемнің үздік университеттерінің рейтингіне енді

Рейтинг Еуропа мен Орта Азия елдерінің үздік жоғары оқу орындары туралы ақпаратты қамтиды. ТОП-100 құрамына 7 отандық университет кірді. Көшбасшы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті болды.Өткен жылмен салыстырғанда университет 3 позицияға жоғарылап, рейтингте Стамбул техникалық университеті (Түркия), Вильнюс университеті (Литва) және басқа да шетелдік университеттерді басып озып, 16-орынға ие болды.

ҚазҰУ-дан кейін рейтингте Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті көш бастап тұр. Ол халықаралық рейтингтте 42-ші орнынға жайғасты. Қазақстандық жоғары оқу орындары арасында Satbayev University үшінші орында тұр. Өңірлік жоғары оқу орындары арасында ТОП-100 қатарына М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті енді.

QS Emerging Europe and Central Asia University Rankings рейтингіне кіретін қазақстандық жоғары оқу орындарының саны жыл сайын артып келеді. Бұл жоғары білімнің әлемдік аренада танылуын білдіреді. Егер былтыр рейтингке 27 қазақстандық университет кірсе, биыл 34 жоғары оқу орыны енді. Отандық университеттер Ресей, Чехия, Польша, Эстония, Литва, Түркия, Грузия, Әзірбайжан және басқа елдердің жетекші университеттерімен бәсекеге түсуде. Бұл біздің жоғары оқу орындарының білім беру сапасын арттыру бойынша үлкен жұмыс жүргізілгенін көрсетеді. Сондай-ақ әлемдік рейтингтегі қазақстандық университеттер санының артуы біздің жоғары оқу орындарымыздың заман талаптарына және әлемдік стандарттарға сай білім беретіндігін көрсетеді, – деп атап өтті ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев.

Айта кетейік, QS EECA рейтингін жасау кезінде он негізгі көрсеткіш ескеріледі. Олардың ішінде университеттердің жұмыс берушілер арасындағы және академиялық беделі, оқытушылар мен студенттер санының арақатынасы, бір оқытушы мен қызметкерге шаққандағы жарияланымдар саны, жоғары оқу орындарының ғалымдарынан дәйексөз алу саны, шетелдік студенттердің, оқытушылар мен қызметкерлердің үлесі және тағы басқалары бар.