ЖОО түлектеріне мемлекеттік қызметке конкурссыз орналасуға мүмкіндік берілді
2023 жылдан бері жоғары оқу орындарының 989 түлегі өңірлердегі мемлекеттік қызметтің түрлі лауазымдарына конкурссыз орналасты. Енді бұл мүмкіндік ақылы негізде білім алып, оқуын жоғары нәтижемен аяқтаған түлектерге де берілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұған дейін конкурссыз мемлекеттік қызметке орналасу мүмкіндігі мемлекеттік білім беру гранты негізінде оқыған, GPA көрсеткіші 3,33-тен төмен емес түлектерге беріліп келген.
2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілген өзгерістерге сәйкес, енді жоғары оқу орнын ақылы негізде тәмамдаған және оқу үлгерімі жоғары жастар да осы тәртіппен мемлекеттік қызметке орналаса алады.
Конкурссыз тағайындау облыстағы аудан, облыстық маңызы бар қала және ауылдық деңгейдегі төменгі мемлекеттік лауазымдарға қатысты жүзеге асырылады.
Аталған тәжірибе жастардың мемлекеттік қызметке қызығушылығын арттырып, өңірлерді білікті жас мамандармен толықтыруға мүмкіндік береді.
Осыған дейін Қаржы нарығын реттеу агенттігі кадр резервіне кандидаттар іріктеп жатқанын жаздық.