Жолда абай болыңыз: жабайы жануарлардың маусымдық көші-қоны басталды

Жолда абай болыңыз: жабайы жануарлардың маусымдық көші-қоны басталды
Фото: жетісу облысы әкімдігі

«Жоңғар-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» РММ жабайы жануарлардың маусымдық қоныс аудару кезеңі басталғаны туралы мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Жетісу облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жоңғар-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің мәліметінше, маусымдық көші-қон негізінен наурыз айының үшінші онкүндігінен бастап, сәуір айының екінші онкүндігі аралығында өтеді. Осы кезеңде жабайы жануарлар түнгі және таңғы ерте уақытта белсенді болып, күндізгі мезгілде жайылып, қозғалысы баяулайды.

«Осыған байланысты, көлік жүргізушілерінен көші-қон жолдарына жақын аумақтарда жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды, сағат 18:00-07:00 аралығында жылдамдықты шектеуді және ескерту белгілеріне ерекше назар аударуды сұраймыз!» – делінген хабарламада.  

Қоныс аудару бағыттары «Жоңғар-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» РММ филиалдары бойынша мынадай аумақтарды қамтиды:

- Сарқан филиалы жануарлары: Жансүгіров – Қойлық ауылдары аралығы;

- Лепсі филиалы жануарлары: Қойлық – Қабанбай ауылдары аралығы;

- Алакөл филиалы жануарлары: Көлбай – Үшарал қаласы аралығы.

Бұдан бұрын қыста киіктің бір бөлігінің қырылуы табиғи құбылыс екенін жазған едік.