ЖИ еліміздегі өңдеу өнеркәсібін қалай өзгертті
«QazIndustry» АҚ жүзеге асыратын бағдарламалар жергілікті кәсіпорындарға оқытуға, ЖИ енгізу бойынша кеңес алуға, технологиялық процестерді жетілдіруге және цифрлық технологияларды қолдануға кеткен шығындарды өтеуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өңдеу өнеркәсібінде жасанды интеллектіні пайдалану айтарлықтай экономикалық тиімділік әкелді. Өндіріс пен логистиканы жоспарлауда ЖИ алгоритмдерін қолданатын компаниялар өнімділіктің тұрақты өсіп, өндіріс циклінің айтарлықтай қысқарғанын атап өткен.
Мысалы, шикізатты терең өңдеу саласындағы цифрлық трансформацияның ең көрнекті мысалдарының бірі – «Алтыналмас АК» АҚ тәжірибесі. Компания өзіне қарасты барлық тау-кен байыту кешендерінде базалық автоматтандыруды толық аяқтады. Жамбыл, Қарағанды, Абай және Ақмола облыстарында орналасқан өндірістік нысандардың қашықтығына қарамастан, олардың барлығына технологиялық процестерді бір орталықтан басқаруға және өндірістің қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік беретін заманауи цифрлық шешімдер енгізілді.
Нәтижесінде компанияның барлық негізгі тау-кен байыту комбинаттарында («Ақсу», «Пустынное», «Ақбақай», «Жолымбет») бүгінгі таңда мынадай шешімдер қолданылады:
— SAP S/4HANA ERP-жүйесін қамтитын ірі корпоративтік платформалар;
— Directum электрондық құжат айналымы жүйесі;
— Өнеркәсіптік қауіпсіздік пен еңбекті қорғауға арналған цифрлық платформа;
— Microsoft экожүйесінің түрлі құралдары;
— 3D модельдеу, жобалау және жоспарлауға арналған озық тау-кен-геологиялық шешімдер;
— заманауи цифрлық мониторинг жабдықтары – дрондар, лазерлік сканерлер, тахеометрлер;
— нақты уақыт режимінде техниканы басқаруға және өндіріс процестерін оңтайландыруға арналған WENCO тау-кен және көлік кешенін басқарудың автоматтандырылған диспетчерлік жүйесі;
— IT-инфрақұрылымын дамыту және корпоративтік шешімдерді интеграциялау.
Компания геологиялық барлау бағытында да айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. «Ақбақай» тау-кен байыту комбинаттарында деректерді цифрлы форматта жинауға арналған мобильді қосымшаның енгізілуі қағаз журналдарын толықтай алмастырды. Сонымен қатар алтын өндіру фабрикасында SCADA жүйесі іске қосылып, технологиялық процестерді автоматты түрде басқаруға және жабдықтың жағдайын бақылауды күшейтуге мүмкіндік берді.
Еске салсақ, Президент Қаржылық мониторинг агенттігіне ЖИ-ді пайдаланып, талдау-сараптау жұмысын күшейтуді тапсырды.