Қазақстанда жасанды интеллект құрылыс жобаларына мемлекеттік сараптама жүргізу процесіне енгізіліп жатыр. Қазір ЖИ көмегімен 864 жобаның құжаттамасы тексерілген, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді.
Қазіргі уақытта ЖИ жобалық құжаттаманың толықтығын тексеруге қолданылады. Бір жобаны ЖИ арқылы тексеруге орта есеппен 6 минут қажет. Нәтижесінде құжаттардың толықтығын тексерудің жалпы мерзімі 5 жұмыс күнінен 2 жұмыс күніне дейін қысқарған.
«Жыл соңына дейін тағы үш жасанды интеллект модулі әзірленеді. Олар құжаттарды, сызбаларды, инженерлік желілер мен сметаларды автоматты тексеруге мүмкіндік береді. Нәтижесінде мемлекеттік сараптаманың барлық негізгі процестеріне жасанды интеллект енгізу жоспарланып отыр», – деді Ерсайын Нағаспаев.
Министр өнеркәсіп саласындағы цифрлық трансформацияға да тоқталды. Соның бірі – кен байыту фабрикаларында цифрлық телнұсқаларды қолдану. KAZ Minerals кәсіпорындарында бұл технология мысты алу деңгейін 2%-ға, ал фабриканың жалпы өнімділігін 7%-ға арттырған. 2028 жылға дейін цифрлық телнұсқаларды ірі кәсіпорындардың кемінде 60%-на енгізу жоспарланып отыр.
ЖИ автомобиль өнеркәсібінде де қолданылады. Министрлік мәліметінше, технология өндірістегі ақаулар санын 39%-ға азайтуға мүмкіндік берген. Ал өндірістік желідегі штаттан тыс жағдайлар 8 секунд ішінде анықталады.
Өнеркәсіптік роботтандыру бағытында да тиісті инфрақұрылым қалыптастырылып жатыр. Farabi Robotics орталығында өнеркәсіптік роботтарды сынақтан өткізу базасы құрылып, автомобиль өнеркәсібімен практикалық жұмыстар жүргізілуде. Astana Hub базасында робототехниканы зерттеу және мамандар даярлау алаңы жұмыс істейді.
Құрылыс саласында Building Information Model (BIM) технологиясын қолдану да кеңейтіледі. Биыл 1 тамыздан бастап мектептер, әуежайлар, тоннельдер мен көпірлер секілді бірқатар техникалық жағынан күрделі нысандарда BIM қолдану міндетті болды. 2028 жылға қарай мұндай нысандардың барлығын BIM технологиясымен қамту жоспарланған.
Сонымен қатар геология саласын цифрландырудың негізгі кезеңі аяқталған. Геологиялық ақпарат цифрлық форматқа көшіріліп, мемлекеттік қызметтер Бірыңғай жер қойнауын пайдалану порталы арқылы көрсетіле бастады. Аукциондарды цифрландыру және геологиялық ақпараттың қолжетімділігін арттыру нәтижесінде аукциондардан түсетін кіріс 7 есе өскен.
Келесі кезеңде ЖИ геологиялық деректерді талдау және перспективалы учаскелерді анықтау үшін пайдаланылмақ.
Бұдан бұрын ЖИ-дің құрылыс сапасын бақылауды 3 күннен 4 сағатқа қысқартқаны хабарланған еді.