Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қазір саладағы негізгі міндет – өндіріс көлемін арттырумен қатар, отандық шикізаттан дайын өнім шығарып, оның қосылған құнын ел ішінде қалыптастыру. Бұл үшін жеңілдетілген қаржыландыруды кеңейту, заманауи технологияларды енгізу және өңдеу кәсіпорындарының әлеуетін арттыру маңызды. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Жаһандық экономика және орнықты даму бөлімінің бас сарапшысы Жанна Булхаирова айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Сарапшының пікірінше, Қазақстан агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа кезеңіне қадам басып отыр. Қазіргі уақытта сала тұрақты өсім көрсетуде. Атап айтқанда, агроөнеркәсіп кешенінің өнім көлемі 15 трлн теңгеге жетіп, өсім шамамен 6 пайызды құраған. Ендігі міндет – осы өндірістік әлеуетті терең өңдеу саласын дамытуға бағыттап, ел экономикасында қалатын қосылған құн көлемін арттыру.
Осы тұрғыда мемлекеттік қолдаудың негізгі бағыттарының бірі – ауыл шаруашылығын ұзақ мерзімді қаржыландыру. Жеңілдетілген қаржы ресурстарының көлемі 1 трлн теңгеден 1,5 трлн теңгеге дейін ұлғайғанымен, қаражаттың бір бөлігі ағымдағы қажеттіліктерді өтеуге жұмсалады. Ал өңдеу кәсіпорындарын салу мен өндірістік қуаттарды кеңейту ұзақ мерзімді инвестицияларды қажет етеді.
Жанна Булхаированың айтуынша, фермерлерді ұзақ мерзімді қаржы ресурстарымен қамтамасыз ететін тетіктерді жетілдіру маңызды. Сонымен қатар «Бәйтерек» холдингі әзірлеген құны 500 млрд теңгеден асатын тамақ өнеркәсібіндегі перспективалы жобаларды уақытылы қаржыландыру қажет. Бұл бастамалар өңдеу кәсіпорындарының өндірістік мүмкіндіктерін кеңейтіп, отандық өнімнің ішкі және сыртқы нарықтағы үлесін арттыруға ықпал етеді.
Сарапшы ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеудің маңызын астық өндірісі мысалында түсіндірді. Қазіргі уақытта жиналған астықтың шамамен 2 пайызы ғана терең өңдеуге жіберіледі. Сонымен қатар Қазақстанда қажетті шикізат болғанымен, ірімшік, сүзбе және шұжық өнімдері сияқты тауарлардың бір бөлігі әлі де импортталады. Бұл отандық шикізатты дайын өнімге айналдыратын өндірістерді дамыту қажеттігін көрсетеді.
Осы бағытта елімізде бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында Қызылорда облысындағы жүгері мен сояны өңдеу жобалары, Түркістан облысындағы мақта-тоқыма кластері, Ақмола облысындағы тауарлы-сүт фермалары мен ет кластері бар. Президент Жолдауында осындай бастамаларды кеңінен тарату және инвесторларға қажетті қолдау көрсету міндеті қойылды.
Жанна Булхаированың пікірінше, агроөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілеттілігі өндіріс көлемімен ғана емес, еңбек өнімділігімен және ресурстарды пайдалану тиімділігімен де өлшенеді. Сондықтан ауыл шаруашылығында заманауи техника мен цифрлық технологияларды енгізу маңызды.
Мемлекет басшысы отандық тракторлар мен комбайндар өндірісін ұлғайту, жасанды интеллект технологияларын жедел енгізу және суармалы егіншілікті дамыту міндеттеріне назар аударды. Әсіресе суармалы алқаптарды кеңейту ауыл шаруашылығы өнімділігін 2–2,5 есе арттыруға мүмкіндік береді.
Алайда бұл бағыттағы жұмыстар су ресурстарын тиімді басқарумен қатар жүргізілуі қажет. Осыған байланысты су тұтынуды бақылауды күшейту және Ұлттық су ресурстарының ақпараттық жүйесін толық іске қосу міндеті белгіленді. Су есебінің ашықтығы мен цифрлық бақылау жүйесі фермерлердің ресурстарды тиімді пайдалануына және су шығынын азайтуға жағдай жасайды.
Сарапшы агрологиялық инфрақұрылымды дамыту қажеттігін де атап өтті. Оның айтуынша, ірі агрохолдингтермен қатар шағын фермерлік шаруашылықтардың да агрологистика орталықтарына қол жеткізуі маңызды. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау, тасымалдау және өткізу мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге өндірілген өнімнің ысырабын азайтып, нарыққа тұрақты жеткізілуін қамтамасыз етеді.
Жанна Булхаированың сөзінше, мемлекеттік қолдау тетіктері ең алдымен еңбек өнімділігін арттыратын және терең өңдеуге бағытталған жобаларға басымдық беруі керек. Инвестициялардың тиімділігі іске қосылған өндіріс орындарының санымен ғана емес, олардың экономикаға қосқан нақты үлесімен бағалануы қажет.
Бұл ретте отандық шикізатты пайдаланатын, өндірістік қуаттарын толық жүктейтін, импортты алмастыратын және экспортқа бағытталған дайын өнім шығаратын кәсіпорындардың маңызы артады. Мұндай өндірістер ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібі арасындағы байланысты нығайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуға да ықпал етеді.
Жалпы, сарапшының пікірінше, Президент Жолдауында белгіленген міндеттер Қазақстанның аграрлық саясатын өндіріс көлемін ұлғайтудан қосылған құны жоғары өнім шығаруға бағытталған жаңа модельге көшіруді көздейді. Егістік пен фермадан бастап өңдеу, сақтау, логистика және экспортқа дейінгі бірыңғай өндірістік тізбекті қалыптастыру агроөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға негіз болмақ.