Жеңіс Қасымбек: Астанада жол қауіпсіздігін арттыру үшін бірыңғай оператор құрылды

Бүгін, 15:52
Думан Аманжол Думан Аманжол
Жеңіс Қасымбек: Астанада жол қауіпсіздігін арттыру үшін бірыңғай оператор құрылды
Фото: Instagram/Jenis_qasymbek

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен ведомствоаралық комиссия отырысында Астана әкімі Жеңіс Қасымбек елорданың көлік жүйесін дамыту және құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жасалып жатқан жұмыстарды баяндады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Көлік жағдайын жақсарту және қауіпсіздікті арттыру мақсатында көлік жүйесін дамытудың кешенді бағдарламасы жүзеге асырылуда. Автотұрақ кеңістігін, көлік ағындарын, бағдаршамдық реттеуді, эвакуациялауды, көліктік жоспарлауды және жазатайым оқиғалар санын азайту жөніндегі өзге де шараларды үйлестіру үшін жол қозғалысын ұйымдастыру орталығы – Бірыңғай оператор құрылды. Орталық интеллектуалды көлік жүйесімен (ITS) жол қозғалысын басқаруды қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда 818 бағдаршамның 582-сі бейімделген. Биыл бейімдеу толығымен аяқталады деп жоспарлануда», - деді Жеңіс Қасымбек.

Сонымен қатар, елордада жаңа бағдаршамдар орнату жұмыстары жалғасуда. Presight AI Ltd компаниясымен бірлесіп, бейнебақылау инфрақұрылымы жаңғыртылуда. Биыл 1 200 жол ережесін бұзуды есепке алу жүйесін пайдалануға мүкіндік беретін Smart City жобасы іске қосылды. 60 мыңнан астам камера бірыңғай ахуал орталығымен біріктіріледі.

Әкімнің мәліметіне сәйкес, қаладағы бейнебақылау камераларының саны бір жылда 2 есеге артып, 60 мыңға жетті. Жаңғырту нәтижесінде автоматты түрде тіркелетін бұзушылықтар саны 4-тен 15-ке дейін артады, сондай-ақ, жасанды интеллект негізінде бейне талдаудың 35 түрі енгізіледі деп күтілуде. Бұл елордадағы жол-көлік оқиғалары санын азайтуға мүмкіндік бермек.

Еске салсақ, Үкімет үйінде Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті. Онда Олжас Бектенов жүргізушілер ережені тек камераның «бақылау аймағында» ғана емес, үнемі сақтау керектігін айтты