Жеңіс Қасымбек: Astana Smart City – қаланы басқарудың жаңа кезеңі

Бүгін, 11:02
Думан Аманжол Думан Аманжол
Жеңіс Қасымбек: Astana Smart City – қаланы басқарудың жаңа кезеңі
Фото: Ж.Қасымбектің Facebook парақшасынан

Alem.ai жасанды интеллект орталығын аралау барысында Мемлекет басшысына Astana Smart City жобасы туралы баяндалды. Бұл туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Әкімнің сөзінше, жоба деректерге, талдауға және жасанды интеллект технологияларын қолдануға негізделген қаланы басқарудың жаңа моделін қалыптастыруға бағытталған.

«Архитектураның негізгі элементі нақты уақыт режимінде қалалық жүйелердің деректерін біріктіретін, қызметтердің үйлесімін қамтамасыз ететін және өзекті талдау негізінде шешім қабылдауға қолдау көрсететін ахуалдық орталық болып саналады. Жүйе бейнебақылау, көлік және инженерлік инфрақұрылымды қоса алғанда негізгі дереккөздерді біріктіреді, бұл оқиғаларды жедел анықтауға, әрекет ету уақытын жылдамдатуға және қаланы реактивті басқарудан проактивті басқаруға көшуге мүмкіндік береді», деп жазды Қасымбек.

Платформаның цифрлық контуры жүйесіне 60 мыңнан астам бейнебақылау камерасы интеграцияланған. 

«Олардың бір бөлігі AI-видеосараптама технологияларымен жабдықталған, бұл қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қалалық ортаны бақылау және оқиғаларға жедел әрекет ету мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтеді.

Astana Smart City – бұл жасанды интеллект технологияларын іс жүзінде қолдануға көшу, цифрлық экономиканы дамыту және қала инфрақұрылымының тұрақтылығын арттыру», деді қала әкімі.

Еске салайық, Мемлекет басшысы жасанды интеллект саласындағы alem.ai battle ұлттық байқау жеңімпаздарын марапаттады.