Референдум-2026

Жеңіл атлетикадан бас бапкер Александр Апайчев: Азия ойындарына 28 дисциплинадан қатысуды жоспарлап отырмыз

Жеңіл атлетикадан бас бапкер Александр Апайчев: Азия ойындарына 28 дисциплинадан қатысуды жоспарлап отырмыз
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Жеңіл атлетикадан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Александр Апайчев Elordainfo.kz тілшісіне берген сұхбатында Қазақстан чемпионатының қорытындысына баға беріп, Азия ойындарына іріктеу, жаңа KNUS стадионының мүмкіндіктері және еліміздегі жеңіл атлетиканың даму бағыттары туралы айтып берді.

- Жеңіл атлетикадан 22-24 шілде аралығында Астанада қаласында жазғы Қазақстан чемпионаты өтті. Жарыстың қорытындысына қандай баға бересіз? Қай спортшылардың өнері ерекше әсер қалдырды?

– Қазақстан чемпионаты өз мәресіне жетті. Биылғы жарысқа барлығы 256 спортшы қатысты. Оның ішінде 156 ер адам, 100 әйел және Әзербайжаннан келген бір спортшы бақ сынады. Жалпы, чемпионат жоғары деңгейде өтті.

Әрине, ауа райы белгілі бір деңгейде әсерін тигізді. Алғашқы күні жаңбыр жауып, күн салқын болды. Бірақ бұл жарыстың жалпы сапасына кері ықпал еткен жоқ.

Маған ерекше әсер қалдырған спортшы – Максим Фроловский. Ол 10 000 метрге жүгіруде өте жоғары нәтиже (28 минут, 50 cекунд) көрсетті. Екі күннен кейін 5 000 метр қашықтықта да сәтті (14 минут, 40 cекунд)  өнер көрсетті. Оның екі жарыстағы жүгірісі нағыз кәсіби спортшының деңгейін көрсетті.

Басқа спортшыларға келсек, ауа райына байланысты кейбірі ең үздік нәтижесін көрсете алмады. Дегенмен, бұл күтпеген жағдай емес еді. Чемпионатқа дейін бірнеше халықаралық жарыс өтті. Cондықтан біз ұлттық құрамаға үміткер спортшыларды жақсы білдік.

Бұл чемпионаттағы негізгі міндет – бірінші орын алу болды. Себебі, биыл Федерация алғаш рет ресми іріктеу нормативтерін енгізді. Спортшылар нормативті осы жарыста немесе оған дейін орындауы тиіс болды. Сондықтан жалпы алғанда қойылған міндеттер орындалды деп есептеймін. 

- Чемпионат басталар алдында бұл жарыс жазғы Азия ойындарына іріктеу кезеңінің бірі болатыны айтылған еді. Қандай дисциплиналар бойынша ұлттық құраманың құрамы айқындалды?

– Иә, бұл Қазақстан чемпионаты Азия ойындарына іріктеудегі негізгі кезеңнің бірі болды. Оған дейін спортшылар Азия чемпионаттарының бірнеше кезеңіне қатысты. Атап айтқанда, Қытайдағы спорттық жүріс чемпионаты, Кореядағы лақтыру түрлерінен Азия чемпионаты, Гонконгтағы секіру түрлерінен Азия чемпионаты және жуырда ғана аяқталған 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионаты өтті. Бұл жарыстардың барлығы іріктеу жүйесіне енгізілді.

Қазіргі таңда ұлттық құраманың соңғы құрамы әлі ресми бекітілген жоқ. Ол жақын күндері бас бапкерлер кеңесінің шешімімен жарияланады. Әйтсе де алдын ала іріктеу нәтижесі белгілі. Біз Азия ойындарына ерлер арасында 9 дисциплина, әйелдер арасында 17 дисциплина бойынша қатысуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар 4×400 метрлік аралас эстафета мен әйелдер арасындағы 4×400 метрлік эстафета құрамалары да жасақталды.

- Қазақстан чемпионаты алғаш рет Астанадағы жаңа KNUS стадионында өтті. Спорт нысаны туралы әсеріңіз қандай? Ол халықаралық талаптарға сай ма? Оның ашылуы еліміздегі жеңіл атлетиканың дамуына қалай әсер етеді?

– Иә, биылғы Қазақстан чемпионаты алғаш рет жаңа КНУС стадионында өтті. Cпорт нысаны халықаралық талаптарға толық сәйкес келеді. Стадион қолайлы жерде орналасқан, жабындысының сапасы өте жоғары. Aл техникалық мүмкіндіктері жарыстарды жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік береді.

Әрине, әзірге жетілдіруді қажет ететін тұстары да бар. Соның бірі – денені қыздыру алаңының жоқтығы. Қазіргі таңда спортшылар манежде қыздырынуға мәжбүр. Болашақта ашық аспан астындағы қыздыру алаңы салынатыны айтылды. 

Тағы бір ерекшелік – желдің әсері. Жаңбыр белгілі бір қолайсыздық туғызғанымен, кей жағдайда қарсы соққан жел де спортшылардың жоғары нәтиже көрсетуіне кедергі келтіреді. Қазір әлемде екі бағытта пайдаланылатын жүгіру жолақтары бар стадиондар салынып жатыр. Бұл стадион басқа жоба бойынша салынғанымен, секіру секторын жабатын шатырдың арқасында ауа райы қолайсыз кезде де жаттығу мен жарыс өткізуге өте қолайлы.
Ең бастысы, бұл тек жарыс өткізетін арена емес. KNUS аумағында қонақ үй, медициналық орталық және оқу-жаттығу жиындарын өткізуге арналған барлық жағдай қарастырылып жатыр. Мұндай инфрақұрылым спортшылардың толыққанды дайындалуына мүмкіндік береді әрі жеңіл атлетиканың ғана емес, жалпы отандықспорттың дамуына серпін береді. Сонымен қатар мұнда спортшылардың білімін жалғастыруына, соның ішінде магистратурада оқуына мүмкіндік жасалмақ.

- Олимпиада ойындарында ең көп медаль жиынтығы дәл жеңіл атлетикада сарапқа салынады. Дегенмен Қазақстан чемпионатында кейбір дисциплиналарда қатысушы саны аз болды. Сіздің ойыңызша, елімізде қай жеңіл атлетика түрлерін дамытуға басымдық берілуі керек? Ал қай дисциплиналарда бәсекелестік жоғары?

– Иә, орынды сұрақ. Олимпиада және Азия ойындарының бағдарламасына жеңіл атлетиканың 48 дисциплинасы енген. Алдағы Азия ойындарында Қазақстан спортшылары 28 дисциплинада бақ сынауды жоспарлап отыр. Бұл кейінгі жылдармен салыстырғанда айтарлықтай ілгерілеу бар екендігін дәлелдейді. Бұған дейін біздің спортшылар небәрі 12–14 дисциплинада ғана өнер көрсететін.

Еліміздегі жеңіл атлетиканы талдай келе, біз үшін басым бағыттар анықталды. Олардың қатарында секіру түрлері, қысқа және ұзақ қашықтыққа жүгіру, сондай-ақ көпсайыс бар. Қазіргі таңда ерлер көпсайысында бәсекелестік төмендеу болғанымен, әйелдер арасында жағдай жақсы. Мәселен, Алина Чистякова жақында 23 жасқа дейінгі Азия чемпионатында күміс жүлдеге ие болды. 

Кейінгі жылдары ұзақ қашықтыққа жүгіруде де бәсекелестік артып келеді. Әсіресе 5 000 және 10 000 метрге жүгіруде, сондай-ақ 1 500 метр қашықтықта мықты спортшылар өсіп келеді. Қазақстан чемпионаты да осыны дәлелдеді.

Ал найза лақтыру, ядро итеру және диск лақтыру секілді лақтыру түрінде бәсекелестік әлі де жеткіліксіз. Мысалы, ядро итеруде Иван Ивановтан өзге көзге түсетін спортшылар жоқтың қасы. Жалпы, бұл бағыттар Қазақстанда тарихи тұрғыда да аса қарқынды дамымаған. Бұрын диск лақтырудан Мәскеу Олимпиадасының қола жүлдегері Татьяна Лесовая, найза лақтырудан 1987 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Виктор Евсюков болғанымен, олардың ізін жалғайтын буын әлі қалыптаса қойған жоқ.

Ең тиімді жол – дәстүрі қалыптасқан, тәжірибелі бапкерлері мен бәсекелестігі бар дисциплиналарды одан әрі дамыту. Күшті бағыттарды жүйелі түрде қолдасақ, уақыт өте келе әлсіз түрлер де бірге дамиды. Бұл спорттағы көпсайыс қағидатына негізделген тиімді тәсіл.

- Қазақстан чемпионатына ұлттық құраманың кейбір көшбасшылары, атап айтқанда әлем чемпионы Нора Джеруто мен Ясмина Тоқсанбаева қатысқан жоқ. Олар жарыстан босатылды ма, әлде басқа себеп болды ма?

– Иә, чемпионатқа бірнеше жетекші спортшы қатысқан жоқ. Мысалы, Нора Джеруто қазір жеке дайындық жоспары бойынша жаттығып жатыр. Биыл ол Жауһар лигасының екі кезеңіне қатысты. Сонымен қатар 3 000 метрге кедергілер арқылы жүгіруден Азиядағы екінші үздік нәтижеге ие. Біз оған жеке жоспар бойынша дайындалып, халықаралық жарыстарға қатысуға мүмкіндік бердік.

Ал Ясмина Тоқсанбаева мен Эльмира Каймуллина Азия чемпионатында спорттық жүрістен іріктеуден өтіп қойған. Жуырда Ясмина 23 жасқа дейінгі Азия чемпионатында қола жүлдегер атанды. Қазір олар Ыстықкөлдегі орта таулы аймақта өтіп жатқан оқу-жаттығу жиынында Азия ойындарына тікелей дайындалып жатыр.

Сол сияқты Георгий Шейко да марафондық спорттық жүріске дайындалуда. Мұндай жағдайда спортшылардың дайындық жоспарын бұзудың қажеті жоқ. 

Чемпионаттан Анна Шумилова да босатылды. Ол 23 жасқа дейінгі Азия чемпионатында эстафеталық жарыстарда жүлдегер атанды. Алина Чистякова да жақында Азия чемпионатында күміс медаль жеңіп алып, Қазақстан чемпионатында тек жекелеген сайыстарда, нақтырақ айтқанда 100 метрге кедергілер арқылы жүгіруде ғана өнер көрсетті.
400 метрге жүгірудегі көшбасшымыз Мария Шувалова да негізгі жарыстан босатылды. Ол биыл Ордоста өткен 23 жасқа дейінгі Азия чемпионатында 53,05 секунд нәтиже көрсеткен болатын. Дегенмен Қазақстан чемпионатында 4×400 метрлік эстафета құрамында жүгірді.

Жалпы бұл спортшылардың ешқайсысында ауыр жарақат немесе басқа күрделі мәселе жоқ. Барлығы алдын ала жасалған дайындық жоспарына сәйкес жұмыс істеп жатыр.

- Сіз өз мансабыңызда әртүрлі елдің спортшыларымен (Қатар, Сауд Арабиясы) жұмыс істедіңіз. Қазақстандық жеңіл атлеттердің басты ерекшелігі неде деп ойлайсыз?

- Менің ойымша, қазақстандық спортшылардың басты ерекшелігі – Қазақстанның посткеңестік ел болуы және мұнда дұрыс спорттық менталитеттің сақталуы. Кейде белгілі бір жағдайлар немесе қаржыландыру жағынан қиындықтар кездесуі мүмкін. Соған қарамастан спортшылар жаттығуын тоқтатпайды, алдына нақты мақсат қояды және сол мақсатқа жетуге бар күшін салады. Жігіттер де, қыздар да мінезі мықты, еңбекқор, дұрыс тәрбие көрген азаматтар. Олармен жұмыс істеу өте жағымды.

Посткеңестік кеңістікке кірмейтін көптеген елдерде спорт көбіне қаржылық мүмкіндікке тәуелді. Сол себепті ондағы спортшылармен жұмыс істеудің өзіндік ерекшеліктері бар. Ал Қазақстанда мен өз жұмысымнан үлкен ләззат аламын. Спортшылар айтқанды тыңдайды, біз бір тілде сөйлесеміз, бір-бірімізді жақсы түсінеміз. 

Қазақстандық спортшылардың болашағы зор деп сенемін. Оның үстіне Қазақстанда жеңіл атлетикадан қалыптасқан жақсы дәстүр бар. Олимпиада ойындарының жүлдегерлері мен чемпиондары, әлем чемпиондары мен жүлдегерлері шыққан елсіздер. 

Аздаған уақыт керек. Міндетті түрде жаңа Ольга Рыпаковалар, жаңа Дмитрий Карповтар, жаңа Ольга Шишигиналар мен Светлана Муравьевалар шығады. Қазақстанда жеңіл атлетиканың жаңа жұлдыздары өсіп келеді. Мен бұған сенемін. Барлығы өз орнына келеді, алға қойған мақсаттарыңызға міндетті түрде жетесіздер.

- Қазақстан ұлттық құрамасын тізгіндегеніңізге жарты жылдан асты. Осы уақыт ішінде қандай өзгерістер енгізілді? Алдағы негізгі мақсаттарыңыз қандай?

- Иә, мен ұлттық құраманы жарты жылдан сәл ғана астам уақыттан бері басқарып келемін. Қазіргі таңда алдымыздағы негізгі міндет – біртұтас ұжым қалыптастыру.  Оқу-жаттығу жиындары кезінде спортшылармен де, жаттықтырушылармен де көп жұмыс істеп, жиі пікір алмасамыз. Олимпиадалық даярлау орталығының басшысы Сергей Александрович Арзамасовпен де тұрақты байланыстамыз. Болашақта бірлескен оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастырғымыз келеді. 

Менің ойымша, келесі жылдан бастап бұл жоспарларымыз жүзеге аса бастайды. Қазір команданы қалыптастыру кезеңі жүріп жатыр. Сонымен бірге қай бағыттарға басымдық беретініміз де айқындалды. Бұған дейін де айтқанымдай, бәсеке жоқ жерде даму болмайды. Егер биіктікке секіруде мықты бәсекелестік болса, онда дәл осы бағытты дамытуға күш саламыз. Сол сияқты 400 метрге жүгіруде де әлеуетті спортшылар мен ішкі бәсекелестік қалыптасса, бұл дисциплинаны да жүйелі түрде дамытамыз.

Жыл соңында атқарылған жұмыстарды саралап, нақты қорытынды жасаймыз. 

Жақында 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионатына барып қайттым. Сол жерде біздің оқу-жаттығу жиындарында дайындалған спортшылардың өнерін көрдім. Атап айтқанда, Шувалова, Чистякова, Шумилова, Таксамбаева сынды жас атлеттер жаңа буынның қалыптасып келе жатқанын көрсетті. Олар біздің болашағымыз.

Алдағы уақытта ұлттық құрамаға дарынды спортшыларды көбірек тартамыз. Қазірдің өзінде кімнің қандай деңгейде екенін анық көруге болады. Сондықтан әзірге негізгі жұмыс – болашақта бір мақсатқа жұмылып, біртұтас механизм ретінде жұмыс істейтін мықты команданы қалыптастыру.

- Жеңіл атлетика әлемде қарқынды дамып келеді. Сіздің ойыңызша, Қазақстан қай бағыттарға бірінші кезекте көңіл бөлуі керек?

- Иә, әлем бір орында тұрған жоқ. Сондықтан Қазақстанда жеңіл атлетиканы дамыту үшін ең алдымен материалдық-техникалық базаны нығайту қажет.
Астанада жаңа стадион салынды. Бірақ дәл осындай заманауи стадиондар еліміздің басқа өңірлерінде де болуы керек. 

Мысалы, Алматыдағы қаланың орталығында орналасқан керемет стадион бар. Ондағы жүгіру жолақтарын жаңартып, халықаралық жарыстар өткізуге лайықты аренаға айналдыру қажет. Бұл стадион теңіз деңгейінен шамамен 900 метр биіктікте орналасқан, желдің бағыты да тиімді ескеріліп салынған. Сондықтан онда жоғары нәтижелер көрсетуге толық мүмкіндік бар. Осындай әлеуетті тиімді пайдалануымыз керек.

Астанадағыдай бірнеше стадионның болуы аса маңызды. Оның үстіне Қазақстанның климаттық жағдайы жыл бойы ел ішінде жаттығуға мүмкіндік береді. Көктемде ауа райы салқындағанда, мысалы, Шымкентке барып оқу-жаттығу жиындарын өткізуге болады. Яғни, шетелге шығудың өзі міндетті емес.

Ең бастысы – мықты материалдық-техникалық база қалыптастыру. Жеңіл атлеттер үнемі біреуден көмек сұрап жүрмеуі керек. Олар өтініш айтушының рөлінде болмауы тиіс. Егер оқу-жаттығу жиыны ұйымдастырылса, онда спортшылардың сапалы дайындалуына барлық жағдай жасалуы қажет. Кейде Алматыдағы стадионға келсек, алаңда футбол ойнап жатады. Әрине, футболдың дамығаны жақсы. Бірақ жеңіл атлетикаға да лайықты көңіл бөлінуі керек. Өйткені жеңіл атлетика – спорттың падишасы. Сондықтан оған ерекше қамқорлық қажет.

Міндетті түрде арнайы дайындық базалары болуы керек. Тағы да қайталап айтамын: жарыстар өткізетін бір-екі негізгі стадионмен қатар, оқу-жаттығу жиындары өтетін және тұрақты дайындық жүргізілетін базалар қажет. Бұрын мұндай базалардың бірі болған. Бірақ стадион жарамсыз күйге түсті. Қазір оны қайта жаңғырту жұмыстары басталып жатқан сияқты. Ол өте жақсы стадион болатын. Ең бастысы – біз сол жерде еркін жаттығып, жоспарымызды басқа біреуге бейімделмей, құра алатындай мүмкіндік болуы тиіс.

Тағы бір маңызды бағыт – ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету. Онсыз ұлттық құрама жоғары деңгейде жұмыс істей алмайды. Команданы міндетті түрде ғылыми мамандар тобы сүйемелдеуі керек.
Мысалы, спортшының төзімділігін арттыру үшін,анаэробтық алмасу шегін (ПАНО) бақылап, жетілдіру қажет. Ол үшін арнайы құрылғылар, актометрлер және басқа да заманауи жабдықтар қажет. Мұндай техника спортшылардың жағдайын тұрақты бақылауға мүмкіндік береді. Сонда жаттықтырушы тек өз тәжірибесіне немесе секундомер көрсеткішіне ғана сүйенбей, биохимиялық талдауларға да арқа сүйей алады. Мәселен, спортшының неге жылдамдығы артқанын түсіну үшін оның анаэробтық алмасу шегінің кейінірек басталатынын білу маңызды. Мұның бәрін арнайы тестілер арқылы анықтауға болады. Сондықтан мұндай ғылыми әдістер міндетті түрде қолданылуы тиіс.

Сондай-ақ жаттықтырушыларды үздіксіз оқыту өте маңызды. Қазіргі таңда жаттықтыру әдістемесі айтарлықтай дамыды. Әрине, кеңестік спорт мектебінің әдістемесі әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ. Әлемдегі көптеген жүйелер белгілі ғалымдар Юрий Верхошанский, Владимир Платонов секілді мамандардың еңбектеріне негізделген. Алайда жаттықтырушылар қазіргі заманғы әдістерді де жақсы меңгеруі керек.
Олар жаттығу процесін кезең-кезеңімен жоспарлау қағидаларын жетік білуі қажет. Әдістемелік дайындық бүкіл жаттығу процесінің негізі болуы тиіс. Жаттықтырушы жаттығуға келіп: «Бүгін жүгіре саламыз» немесе «секіреміз» деп шешім қабылдай салмауы керек. Барлығы ғылыми негізде жоспарланып, дәлелденуі тиіс.

Сондықтан жаттықтырушылардың біліктілігін арттыру – жеңіл атлетиканы дамытудың басты бағыттарының бірі. Жалпы айтқанда, менің жеткізгім келген негізгі ойлар осылар.

- Сұхбатыңызға рақмет.