«Жастар практикасы» аясында 25 мың жас жұмыспен қамтылады
Биыл елімізде «Жастар практикасы» жобасы аясында 25 мың жасты жұмыспен қамту жоспарланып отыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Бағдарлама 35 жасқа дейінгі, оқу орнын тәмамдаған, бірақ жұмыс тәжірибесі жоқ түлектерге арналған. Негізгі мақсат — олардың алған мамандығы бойынша алғашқы тәжірибе жинауына жағдай жасау.
Жобаға қатысу үшін үміткерлер Мансап орталығына өтініш беруі тиіс. Практика барысында әр қатысушыға жұмыс беруші тарапынан тәлімгер бекітіледі. Ол жас маманның кәсіби білімін жетілдіріп, тәжірибелік дағдыларын дамытуға көмектеседі.
Қаржыландыруды Еңбек ұтқырлығы орталығы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы жүзеге асырады. Қатысушылардың жалақысы ай сайын олардың банктік шоттарына аударылады.
«2026 жылдың ақпан–наурыз айларының қорытындысы бойынша жоба аясында 423 адам жұмыспен қамтылды. Ең сұранысқа ие мамандықтар қатарында мейіргер (124 адам), заңгер (66 адам), шет тілі мұғалімі (57 адам), тәрбиеші (47 адам) және бастауыш сынып мұғалімі (43 адам) бар», - делінеді хабарламада.
Республика бойынша бағдарламаға қатысушылардың орташа жалақысы 129,7 мың теңгені құрады.