Жасөспірімдер фастфуд пен энергетикалық сусындарға тәуелді: Бектенов ДСМ-ға тапсырма берді

Жасөспірімдер фастфуд пен энергетикалық сусындарға тәуелді: Бектенов ДСМ-ға тапсырма берді
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов балалар мен жасөспірімдерді дұрыс тамақтандыру мәселесін көтерді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Ақмарал Шәріпбайқызы (Денсаулық сақтау министрі-авт) балалардың ішіп-жейтін тамағы – маңызды мәселе. Бізде өкінішке қарай, балалар мен жасөспірімдердің көбісі фастфудқа, энергетикалық сусындарға құмар. Тіпті кей кезде оған тәуелді болып қалады. Осы қауіпке бәріміз бүкіл ел болып, қоғам болып тойтарыс беруіміз керек. Бұл – өте қауіпті жағдай. Ұсыныстар енгізіңіздер», - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Еске салсақ, Үкімет «Қазақстан балалары» бірыңғай тұжырымдамасын бекітті. Құжатта балалардың құқықтарын қорғау, қауіпсіздігі және әл-ауқаты саласындағы ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту жөніндегі шаралар кешені көзделген. Биылғы 1 ақпанынан бастап барлық білім беру ұйымдарына «тосыннан кіріп келу» қағидаты бойынша ерекше бақылау мен қадағалау енгізіледі. Тексерулер балаларды сауықтыру, олардың қауіпсіздігі мен тамақтану сапасына қатысты болады.