Жақсылық Омар алты жылға сотталды

Жақсылық Омар алты жылға сотталды
Фото: Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі

ШҚО әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Жақсылық Омарға қатысты қылмыстық істі Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Шығыс Қазақстан облыстық сотына сілтеме жасап.

Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі 1, 2-тармақтары және 366-баптың 3-бөлігі 3-тармағы (алаяқтық және пара алу) бойынша айыпталды.

Сотта анықтауынша, ол азамат Т.-ның «Toyota Camry 75» автокөлігін сатудан түскен 13 млн теңгесін иемденген. Сонымен қатар, ол жауапты мемлекеттік лауазымды атқара отырып, қалалық әкімдіктің қызметкері М.-дан жалпы қамқорлығы үшін 20 млн теңге көлемінде пара талап еткен. Кейін оның 6 млн теңгесін үшінші тұлғадан алған.

Сотталушының кінәсі куәлардың айғақтарымен, жасырын тергеу нәтижесімен, сараптама қорытындысымен дәлелденді. Ол кінәсін мойындап, бас бостандығынан айырмауды өтінді.

Сот оған мүлкін тәркілеумен қатар 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ол өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетсек, Ақтөбе облысында шахтерлерден ақша бопсалаушылар ұсталды.