Қазақстан 2028 жылға қарай май өнімдерінің экспортын 1,5 млрд долларға жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл қазіргі деңгейден 60 пайызға жоғары. Осы мақсатта өңдеу кәсіпорындарының қуатын арттыру, шикізат қорын ұлғайту және экспорт нарықтарын кеңейту көзделген, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрліктің мәліметінше, соңғы бес маусымда май өнімдерін экспорттаудан түсетін кіріс бес есе өсіп, 247 млн доллардан 1,232 млрд долларға жеткен. Былтыр бұл саланың үлесі Қазақстанның өңделген ауыл шаруашылығы өнімдері экспортында 27 пайызды құрады.
Қазіргі уақытта еліміздегі май өңдеу кәсіпорындарының жылдық өндірістік қуаты 5,2 млн тоннадан асады. Алдағы жылдары жаңа инвестициялық жобалар есебінен бұл көрсеткішті арттыру жоспарланып отыр.
Қазақстанның Майлы дақылдарды қайта өңдеушілер ұлттық қауымдастығының төрағасы Ядыкар Ибрагимовтың айтуынша, басты міндеттердің бірі – өсімдік майын терең өңдеуді дамыту.
«2026-2028 жылдары өсімдік майын тазарту мүмкіндігін 2,1 есе арттырып, жылына 1 млн тоннадан асыру жоспарланып отыр. Бұл бөтелкеге құйылып, қаптамаға салынған тазартылған күнбағыс майының өндірісін 2,4 есе ұлғайтуға және дайын өнім экспортын кеңейтуге жол ашады. Бұдан кейін өсімдік майлары негізінде тағамдық майлар мен маргарин өндірісін дамытуға басымдық беріледі», – деді ол.
Қазақстан майы әлемнің 20-дан астам еліне жеткізіледі
2025 жылы Қазақстан күнбағыс майын экспорттау бойынша әлемде алтыншы, ал Қытайға жеткізуші елдер арасында екінші орынға шықты. Сондай-ақ 2024-2025 маркетингтік маусымында Қытайға рапс майын жеткізетін бес ірі елдің қатарына енді.
Бұдан бөлек, Қазақстан күнбағыс күнжарасын Еуропалық одақ пен Қытайға экспорттайтын жетекші үш елдің бірі саналады.
Қазақстандық өсімдік майының Өзбекстан мен Тәжікстан нарығындағы үлесі де айтарлықтай артқан. Өзбекстанда бұл көрсеткіш 2017 жылғы 13 пайыздан 2025 жылы 90 пайыздан жоғары деңгейге жетсе, Тәжікстанда 15 пайыздан 90 пайыздан астам деңгейге көтерілді.
Жалпы, отандық май өнімдері әлемнің 20-дан астам еліне экспортталады. Негізгі нарықтар – Қытай, Орталық Азия, Еуропалық одақ елдері және Таяу Шығыс.
Шикізат өндірісі мен тасымалдау көлемі артып келеді
Май өңдеу саласын дамыту үшін отандық шикізат қорын ұлғайтуға да басымдық берілуде. 2021 жылдан бері Қазақстандағы күнбағыс егістігінің көлемі 2,3 есе өсіп, 958 мың гектардан 2026 жылы 2,2 млн гектарға жеткен.
Дегенмен қолда бар шикізат өңдеу кәсіпорындарының қажеттілігін толық қамтамасыз ете алмай отыр.
Осыған байланысты өңдеуші кәсіпорындар шаруаларға көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге, тұқым, тыңайтқыш және өсімдіктерді қорғау құралдарын сатып алуға қаржылай қолдау көрсетуде. Тек 2025 жылы осы мақсатқа 43 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген.
Сонымен қатар экспорттық тасымалды жақсарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Майлы дақылдарды қайта өңдеушілер ұлттық қауымдастығы «Қазақстан темір жолы» компаниясымен бірлесіп, Достық – Алашанькоу өткелі арқылы өсімдік майын тасымалдауды үйлестіру тетігін іске асыруда.
Нәтижесінде Қытайға өнім жөнелту жоспарының орындалу деңгейі 2023 жылғы 40 пайыздан төмен көрсеткіштен 90 пайыздан жоғары деңгейге жеткен. Соңғы үш маусымда Қазақстанның Қытайға май өнімдерін экспорттау көлемі 3,7 еседен астам өсті.
Саланың ұзақ мерзімді мақсаты – Қазақстанды күнбағыс майын экспорттайтын әлемдегі жетекші үш елдің қатарына қосу және май өнімдері экспортынан түсетін жылдық кірісті 2 млрд долларға жеткізу.
Бұған дейін Қазақстанда тоғыз айда көмір тасымалы 77,8 млн тоннаға жеткені хабарланған еді.