Жаңа Конституция жобасының ұтымды тұстары аз емес – Мәжіліс депутаты

Бүгін, 12:55
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Жаңа Конституция жобасының ұтымды тұстары аз емес – Мәжіліс депутаты
Фото: Анас Баққожаевтың жеке парақшасынан

Мәжіліс депутаты, «Ауыл» партиясы фракциясының мүшесі Анас Баққожаев әлеуметтік желідегі парақшасында жаңа Конституция жобасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Бізде бір ғана Отан бар. Сол Отан үшін жеке амбициямызды да, ішіміздегі ашу-ызаны да қажет болса шетке қоя білуіміз керек. Соңғы апталарда қоғамда қызу талқыланған жаңа Конституция жобасы дайын құжатқа айналды. Әлеуметтік желіде айтылмаған пікір қалмады десе болады. Қарапайым азаматтан бастап жағдайы жақсыларға дейін өз ұсынысын жазды. Осы аралықта менің Конституция тақырыбына белсенді араласпағанымды байқағандар да болды. Оларға айтарым - мен Конституция комиссиясына сенемін!», - деді депутат.

Халық қалаулысы құжаттың сапасына күмән жоқ екенін айтты.

«Дайындалған құжаттың сапасына еш күмәнім жоқ. Жаңа Конституция жобасының ұтымды тұстары аз емес. Кіріспесінің өзі қандай - Ұлы дала перзентінің әлемге айтқан монологы секілді. Оқисың, сүйсінесің, рухтанасың. Сену - көз жұмып қабылдау емес. Сену жауапкершілікпен бірге жүруі тиіс. Сондықтан, құрметті оқырман, комиссия жұмысына күмәнмен емес, ақылмен қарайық. Кеше ғана өзіміз қолдаған депутаттарға бүгін тас атпайық. Олар да, мен де Отан үшін аянбаймыз. Егер ел мүддесі үшін қажет болса, мандатпен де, мансаппен де қоштасуға дайынбыз. Конституцияға дауыс беретін - сіздер. Сондықтан референдумға дейін мәтінмен мұқият танысып, әр сөзіне ой жүгіртіңіздер. Ол күн де өтер. Алда 10, 20, 50 жылдан кейін жаңа өзгерістер болуы мүмкін. Бұл – дамып жатқан елдің белгісі», - деді Анас Баққожаев.

Айта кетейік, бүгін елімізде жаңа Конституцияның жобасы жарияланды.