Заң мен тәртіп: елордада 700-ден астам сарбаз алғаш рет жауынгерлік қызметке кірісті
Астанада 5573 әскери бөлімінің 700-ден астам сарбазы алғаш рет жауынгерлік қызметке кірісті, деп хабарлады Elordainfo.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Олар қаланың барлық алты ауданында кешкі сағат 17:00-ден түнгі 23:00-ге дейін қоғамдық тәртіпті бақылауда ұстайды. Қызметке кіріспес бұрын ұландықтар екі айлық жауынгерлік дайындықтан өтіп, әскери тәртіптің негіздерін меңгерді. Олар қалалық ортадағы қызметтің ерекшеліктерімен танысып, төтенше жағдайларда жылдам шешім қабылдауды үйренді. Сонымен қатар, дайындық барысында тұрғындармен мәдени қарым-қатынас орнатуға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қоғамдық орындардағы тәртіпті бақылауға ерекше мән берілді.
«Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – үлкен жауапкершілік. Алғашқы патруль кезінде қобалжыдым, бірақ осыған дейінгі өткен дайындық өз нәтижесін көрсетті. Бізге артылған сенімді ақтауға бар күшімді саламын», - деді қатардағы Думан Дінмұхамедұлы.
Бұған дейін Астанада Cyber sarbaz сыныбы ашылғанын жаздық.