Жамбыл облысының тұрғыны 1991 жылдан бері некеде болғанын таяуда ғана білген

Жамбыл облысының тұрғыны 1991 жылдан бері некеде болғанын таяуда ғана білген
Фото: freepik.com

Жамбыл облысының тұрғыны өзіне қатысы жоқ некені жарамсыз деп тану туралы сотқа арызданған, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Жоғарғы Сотына сілтеме жасап.

Ер адам банк қосымшасындағы «Мемлекеттік қызметтер» бөлімінен 1991 жылы өз атына неке тіркелгенін біліп таң қалған.
Ол некені тіркеу үшін ешқайда жүгінбеген, құжаттарға қол қоймаған және неке туралы куәлік алмаған. Ал құжаттағы азаматшамен отбасын құру үшін бірге тұрған, алайда төрт айдан кейін айырылысқан.

Материалдарды зерттеу барысында азаматтық хал актілерін тіркеу кітабында шынымен де неке тіркелгені туралы жазба бар екені анықталды. Алайда азаматтық хал актілерін тіркеу кітабы сақтау мерзімінің аяқталуына байланысты жойылған. Құжаттарды қолдан жасау белгісі бойынша басталған тергеу құқықбұзушылық мерзімінің ескіруіне байланысты тоқтатылды.
Сот 1991 жылы неке тіркеу заң талаптарын бұза отырып жүргізілген деген қорытындыға келіп, некені жарамсыз деп таныды.
Еске салсақ, елімізде Жаңа жыл қарсаңында қанша неке тіркелгенін жазған едік.