Елімізде Жаңа жыл қарсаңында қанша неке тіркелді
Қазақстанда жас жұбайлардың көпшілігі неке қию рәсімін есте қаларлық ерекше күндерге жоспарлайтыны жасырын емес. Соның дәлелі ретінде 31 желтоқсан күні елімізде 487 неке тіркелген, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мәліметінше, Жаңа жыл қарсаңында неке тіркеу саны ең көп болған 5 өңір:
- Алматы қаласы – 68 жұп;
- Түркістан облысы – 61 жұп;
- Астана қаласы – 47 жұп;
- Жамбыл облысы – 37 жұп;
- Қарағанды облысы – 30 жұп.
Күнтізбедегі ерекше күндер отбасын құруды жоспарлаған азаматтар арасында дәстүрлі түрде жоғары сұранысқа ие. Мамандар атап өткендей, мерекелік күндерде неке қию рәсімін өткізу жастар үшін ерекше мәнге ие, өйткені бұл күндерді жұбайлар өмір бойы есте сақтайды.
Осылайша, жыл соңындағы мерекелер тек қана мереке емес, сонымен қатар жаңа отбасы құруға ынта беретін маңызды күндер болып отыр.