Жамбыл облысында үш күн жоғалып кеткен малшы табылды
Төтеншеліктер үш күн малымен бірге жоғалып кеткен бақташыны іздеп тапты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
Атпен мал жаюға шыққан Жамбыл облысының тұрғыны 17 қаңтарда таңертең шығып, қайта оралмаған.
Іздеу жұмыстарына ТЖМ күштері, полицейлер және жергілікті атқарушы орган өкілдері жұмылдырылды. Құтқару жұмыстарына жолсыз далалық аумақ кедергі келтірді. Сондықтан дрон және иісшіл ит пайдаланды.
Сәті түсіп құтқарушылар бақташыны шаруа қожалығынан 15 шақырым жерде тапты. Ол үш күн бойы далада малмен бірге жүруге мәжбүр болған.
Қазір ер азаматтың жағдайы жақсы, сондықтан медициналық көмекке жүгінбеді.
Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбеде құтқарушылар боранда мал бағып жүріп адасып кеткен малшыны екі күннен кейін тапқанын жазған едік.