Ақтөбеде құтқарушылар мал бағуға кетіп, адасқан ер адамды тапты
Ақтөбеде ТЖМ құтқарушылары мал бағуға кетіп, адасқан ер адамды іздеу-құтқару операциясы сәтті аяқталды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Ер адамның жоғалғаны туралы хабарлама 17 қаңтарда кешкі уақытта түсті. Белгілі болғандай, 1969 жылы туған жергілікті тұрғын 16 қаңтарда таңертең Ақтөбе облысы Жайсаңбай ауылдық округіндегі Қосбармақ қыстауына мал бағуға шыққан, бірақ қайтып оралмаған. Оның ұялы телефон болмағандықтан іздеу жұмыстары қиынға соқты», - деп жазылған министрліктің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Іздестіру-құтқару жұмыстарына Актөбе облысының Төтенше жағдайлар департаменті, Ұлытау облысының ТЖД, жергілікті атқарушы органдар және полиция қызметкерлері тартылды. Іздеу қолайсыз ауа райы жағдайында, елді мекендерден қашықта жүргізілді, іздестіру жұмыстары кезінде дрондар, кинологиялық топтар, спутниктік байланыс құралдары және авиация қолданылды.
ТЖМ «Қазавиақұтқару» Ми-8 тікұшағымен жүргізілген әуе барлау барысында Қосбармақ қыстауынан батысқа қарай 25 шақырым қашықтықта жоғалған қойшыға тиесілі қой отары анықталды.
Бүгін іздестіру тобының күшімен жоғалған ер адам Қосбармақ қыстауынан шығысқа қарай 60 шақырым далалық аймақтан табылды. Ер адам медициналық көмекке мұқтаж болмады.
Бұған дейін Абай облысында полицей жоғалған 8 жасар баланы камераның көмегімен тапқанын жаздық.