Жамбыл облысында он алты күнде 18 рет жол ережесін бұзған жүргізуші жауапқа тартылды
Жамбыл облысының полицейлері «Қорғау» автоматтандырылған жүйесінің көмегімен жол жүрісі ережелерін 155 рет өрескел бұзған автокөлік жүргізушісін анықтады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Құқық бұзушы өзге жол қатысушыларының өміріне қауіп төндіре отырып, 126 рет әдейі жылдамдықты асырған. Сондай-ақ 29 рет жол белгілері талаптарын сақтамаған.
«Жауапкершіліктен қашып жүрген жүргізушінің жол қозғалысы ережелерін елемеуі осы жылдың басында да жалғасқан. 2026 жылдың қаңтар айының 16 күнінде ол 18 рет жол ережесін бұзған.
Жүргізуші ҚР ӘҚБтК-нің 592 және 601-баптарымен әкімшілік жауапқа тартылды. Көлік айып тұрағына қойылды», - делінген хабарламада.
Полиция жол қозғалысы ережелерін қасақана және жүйелі түрде бұзу жол-көлік оқиғаларына тікелей қауіп төндіретінін ескертеді.
Жүргізушілерді заң талаптарын сақтауға және өз өмірі мен өзгенің қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады.
Бұған дейін Шымкентте бір креслоны 20 млн теңгеге сатып алып, бюджетке 321 миллион залал келтіргендерге қатысты тергеу аяқталғанын жаздық.