Жамбыл облысында есіктің құлпын ауыстырып берген күдікті сол үйге ұрлыққа түсті

Бүгін, 15:41
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Жамбыл облысында есіктің құлпын ауыстырып берген күдікті сол үйге ұрлыққа түсті
Фото: freepik.com

Жамбыл облыстық соты сотталған азамат К.-ға қатысты қылмыстық істі апелляциялық тәртіпте қарады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Жамбыл соттарына сілтеме жасап. 

Бірінші сатыдағы сот 2025 жылдың желтоқсанында жәбірленуші WhatsApp мессенджерінде пәтердегі есік құлпын ауыстыру қажеттілігі туралы хабарландыру жариялағанын анықтады. Оған сотталған К. хабарласып, құлыпты ауыстыруға келісті. Жәбірленуші оған қажетті құлыпты сатып алуды сеніп тапсырды. Жаңа құлып орнатылғаннан кейін К. жәбірленушіге 5 кілттің 4-еуін берді – бір кілтті өзіне қалдырды.

2026 жылдың қаңтарында ол өзіне алып қалған кілттің көмегімен пәтерге заңсыз кіріп, «ASEL» маркалы пешті ұрлап кетті.

Бірінші сатыдағы сот өкініш білдіруін және залалды ерікті түрде өтеуін жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды.

Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Сарысу аудандық сотының үкімімен оған 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Қорғаушы тарап сот үкімімен келіспей, оған шағымданды.

Істің материалдарын зерттей келе, апелляциялық алқа үкімді жаза бөлігінде өзгертті. Қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқаның қаулысымен 3 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі тағайындалған жаза 2 жылға дейін төмендетілді.

Сот актілері заңды күшіне енді.

Еске салайық, бұған дейін IIM пластик терезелерді күштеп ашқан пәтер ұрыларын құрықтағаны туралы жаздық.