Волейболдан Ұлттық ұланның чемпионы анықталды
Павлодар қаласындағы «Баянтау»спорт кешенінде үш күн бойы әскери қызметшілер арасында волейболдан ҚР ІІМ Ұлттық ұланының чемпионаты өтті. Турнир құқықтық тәртіп әскерінің XXIV Спартакиадасы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық ұланға сілтеме жасап.
Жарысқа еліміздің түрлі өңірлерінен жеті команда қатысты. Алпыстан астам әскери қызметші ең мықты атақ үшін күресті. Ойындар Швейцария жүйесінде өткізілді.
Ұлттық ұланның спорт командасын даярлау орталығының бастығы (бас жаттықтырушы) полковник Руслан Жақыпековтың айтуынша, турнирдің негізгі мақсаты — салауатты өмір салтын насихаттау, әскери қызметшілердің дене шынықтыру дайындығы мен спорттық шеберлігін арттыру. Сонымен қатар, мұндай жарыстарды өткізу командалық рухты нығайтуға, өзара түсіністікті дамытуға және жеке құрамның қабілет-қарымын арттыруға ықпал етеді.
Турнир қорытындысы бойынша ҚР ҰҰ Академиясының командасы чемпион атанды, күміс медальды «Батыс» өңірлік қолбасшылығы жеңіп алды, ал 5573 әскери бөлімінің командасы қола жүлдегер атанып, үштікті жапты. Дода соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубоктармен, дипломдармен, медальдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Айта кету керек, үздік спортшылар Ұлттық ұланды наурыз айында өтетін Ішкі істер министрлігінің чемпионатында таныстыратын болады.