Ұлытауда 36 мемлекеттік қызметші құмар ойындар үшін жұмыстан шығарылды
Ұлытау облысының прокуратурасы мемлекеттік қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң талаптарының бұзылу фактілерін анықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.
«Қолданыстағы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңға сәйкес, мемлекеттік қызметшілерге құмар ойындарға қатысуға қатаң тыйым салынған. Себебі мұндай әрекеттер сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін арттырып, қоғамның мемлекеттік қызметке деген сеніміне кері әсер етеді», - делінген хабарламада.
Жүргізілген талдау нәтижесінде 36 мемлекеттік қызметші, оның ішінде 10 басшы лауазымды тұлға «Olimpbet» және «1XBET» букмекерлік кеңселері арқылы бәс тіккені анықталды.
Прокурорлық қадағалау актісі қаралып, нәтижесінде аталған қызметкерлер мемлекеттік қызметтен босатылды.
Прокуратура органдары сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың сақталуын әрі қарай да тұрақты бақылауда ұстайтынын мәлімдеді.
Еске салайық, Астана мен өңірлерде автомектептерге қатысты жемқорлық фактілері анықталған болатын.