Ұлттық ұланның полиглот сарбазы жеті тілде еркін сөйлейді

Бүгін, 20:05
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Ұлттық ұланның полиглот сарбазы жеті тілде еркін сөйлейді
Фото: ҚР Ұлттық ұланы баспасөз қызметі

Тараз қаласындағы ҚР ІІМ Ұлттық ұланының «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5513 әскери бөлімінің сарбазы қатардағы Бақтиярхан Тұрсынқожаев жеті тілді меңгерген. Қала ішінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету барысында ол азаматтармен қазақ, өзбек, әзербайжан, орыс, түрік, ағылшын және француз тілдерінде еркін тіл табысады, деп хабарлады Elordainfo.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Бақтиярхан француз тілін әкесімен бірге Францияда болған кезінде меңгерген. Ол жерде архитектура бағытында білім алған. Шетелде қалыптастырған тілдік дағдылары оған қызмет барысында азаматтармен тиімді байланыс орнатуға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетін сапалы орындауға көмектесіп жүр.

Отбасының үлкені - Бақтиярхан 22 жаста. Ол артынан ерген інілері мен қарындасына үлгі болып келеді. Жауапкершілік, тәртіп пен өзін-өзі дамытуға деген ұмтылыс - оның өмірлік ұстанымы. Айта кетерлігі, қарындасы да п, бес тілді меңгерген. Бұл отбасыда әкенің «Тіл білген адам өмірде өз жолын табады» деген тәлімі нақты нәтижесін беріп отыр.

«Қатардағы Тұрсынқожаевтың айтуынша, бір тілді меңгеру үшін оған орта есеппен екі-үш ай уақыт қажет. Мерзімді әскери қызметін өтеп жүрсе де, ол оқуын тоқтатпайды. Әскери бөлімнің командирлері де сарбаздың ізденісін қолдап, қажетті шетелдік әдебиеттерді табуға көмектеседі», - делінген хабарламада. 

Бақтиярханның жетістіктері тек тіл білімімен шектелмейді. Ол ушу-саньнан спорт шебері, Қазақстан Республикасы чемпионатының қола жүлдегері. Спорт пен тіл үйрену - оның өмір салтының ажырамас бөлігі.

Бос уақытында Бақтиярхан қарулас достарына шағын тіл үйрену сабағын өткізіп, білгенімен бөліседі. 

Еске салайық, бұған дейін Ұлттық ұлан сарбаздары мачете алып жүрген Қонаев қаласының тұрғынын ұстағанын хабарладық.